Гарвард студенттері Қазақстанда тағылымдадан өте алады
ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек АҚШ-қа жұмыс сапарын Harvard University өкілдерімен кездесумен аяқтады. Іс-шара барысында Гарвард студенттерінің Қазақстанда тағылымдамадан өтуі туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.
АҚШ-тағы соңғы жұмыс күні министр Саясат Нұрбек Harvard Innovation Lab, The New England Commission of Higher Education, Davis Center for Russia and Eurasia studies Harvard Kennedy School басшылығымен, Дуглас Диллон атындағы мемлекеттік басқару профессоры Грэм Аллисон және Гарвард Кеннеди мектебінің халықаралық қаржы және даму жөніндегі Sumitomo - FASID профессоры, Халықаралық даму орталығының директоры Азим Кхваджамен кездесті.
Іс-шара барысында ведомство басшысы ҚР жоғары білімін дамыту мақсатында жетекші әлемдік жоғары оқу орнымен серіктестік ұсынды.
Өз кезегінде профессор Азим Кхваджа министрді өзі басқаратын орталықтың қызметімен таныстырды. Ол өзінің қызығушылығын атап өтіп, ынтымақтастықты Қазақстандағы Гарвард студенттерінің тағылымдамасынан бастауды ұсынды. Министр Саясат Нұрбек бұл бастаманы қолдады.
Сонымен қатар тараптар жоғары оқу орындарының білім алушылары мен ғалымдармен алмасу бойынша мүмкін болатын жобаларды талқылады. Қазақстандық жоғары оқу орындары мен Гарвард университеті арасындағы ынтымақтастықты одан әрі талқылау үшін Саясат Нұрбек профессор Азим Кхваджаны Қазақстанға шақырды, шақыру оң қабылданды.