Елімізде лицензиясыз қызмет көрсеткен қырықтан астам мектепке айыппұл салынды
Оқу-ағарту министрлігі таратқан ақпаратқа сүйенсек, лицензиясыз жұмыс істейтін мектептердің ең көбі Астана және Алматы қалаларына, Атырау, Алматы, Батыс Қазақстан, Түркістан, Жетісу, Маңғыстау және Жамбыл облыстарына тиесілі.
"Бүгінгі таңда 11 мектеп білім беру қызметіне лицензия алды. Үш мектептің материалы соттың қарауында. 42 мектепке қатысты сот лицензиясыз қызмет көрсеткені үшін айыппұл тағайындау туралы қаулы шығарды".Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі
Оқу-ағарту министрлігі Білім саласында сапаны қамтамасыз ету комитетінің төрағасы Ернұр Дауеновтің айтуынша, заңнамаға сәйкес, барлық мектептер білім беру қызметін бастамас бұрын рұқсат алуы керек. Мектепке білім берумен айналысу құқығы лицензия алған сәттен бастап қана беріледі. Лицензияның жоқтығы мектептің жарамдылық тексеруінен өтпегенін немесе рұқсат алу үшін құжаттарды тапсырмағанын білдіреді.
"Лицензиясыз мектептер білім туралы мемлекеттік үлгідегі құжаттарды, яғни негізгі және жалпы орта білім туралы аттестаттарды бере алмайды. Лицензиясыз жұмыс істейтін мектептерге қатысты министрліктің аумақтық департаменттері әкімшілік іс қозғады. Бүгінгі таңда сот шешімімен 42 мектепке лицензиясыз білім беру қызметін жүргізгені үшін айыппұл салынды".Оқу-ағарту министрлігі Білім саласында сапаны қамтамасыз ету комитетінің төрағасы Ернұр Дауенов
Министрлік өкілінің сөзінше, егер мектеп заңды тұлға ретінде мемлекеттік тіркелген сәттен бастап алты ай ішінде лицензия алмаса, онда ол сот тәртібімен жұмысын тоқтатады.