Respublica партиясының өкілі ауыл мен қала оқушыларының айырмашылығы жер мен көктей деп санайды
"Қазақстан Халық партиясы төрағасының мүшесі Оксана Әубәкірова Respublica партиясының төрағасы Айдарбек Қожаназаровқа: "Өткен пікірталаста партияңыздың өкілі "біздің партиямыздың қатарында саясаттанушы, мұғалім немесе сарапшы емес, нақты істің адамы бар" деген еді. Осы орайда өздеріңізді өзгелерден жоғары ұстап тұрған жоқсыздар ма? Снабизм байқалмай ма?", – деп сұрады.
Сұраққа жауап берген Respublica партиясының төрағасы партияның тең төрағаларының бәрі мұғалімнің балалары екенін алға тартты.
"Партияның тең төрағаларының бәрі мұғалімнің балалары. Біздің 23 кандидаттың ішінде 6 мұғалім бар. Біз мұғалімнің мүддесін қорғап, мәртебесін көтеретін партия екенімізді дәлелдеу қажет болса, біздің бағдарламамызда ең бірінші мәселе білім саласы тұрғанын баса айтқым келеді. Білімді халық – бақытты халық деп санаймыз", – деді ол.
Осы орайда Айдарбек Қожаназаров ауыл мен қала мектептері арасында едәуір айырмашылық бар екенін баса айтты.
"Маңғыстауда оқитын 15 жасар оқушы мен Алматыдағы 15 жасар оқушының айырмашылығы - 5 жас. Бұл неден? Себебі мұғалімдердің мүддесі қорғалмаған. Сондықтан біздің бағдармалаламызда ауылдағы және өңірлердегі мұғалімдердің тұрмыстық жағдайын жақсарту, оларға бөлінетін бюджетті үлкейту мәселесі қамтылған".Айдарбек Қожаназаров
Партия өкілі үш саланы: ғылым, жоғары оқу орындарын және бизнесті ұштастыру қажет деп санайтынын айтты.
"Осы үшеуін ұштастырсақ, білімді жастар шығады", – деп сөзін түйіндеді ол.