Президент активтерді қайтару кезінде қандай теңгерімді сақтау керектігін айтты
Сурет: akorda.kz
Ақордада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев отандық бизнес өкілдерімен болған кездесуінде активтерді қайтару кезінде мемлекет пен бизнестің мүдделері арасындағы теңгерімді сақтау осы бағыттағы жұмыстардың тағы бір міндеті екенін айтты, деп хабарлайды Zakon.kz.
"Бұл – қазір кәсіпкерлер арасында қызу талқыланып жатқан тақырыптардың бірі. Одан хабардармын. Ол жөнінде бөлек ақылдасайық. Таяуда активтерді қайтару жөнінде заң қабылданды. Бұл заң активтерді қайтару шараларын бір мақсатқа жұмылдыруға бағытталған, яғни, мұны қоғамдық келісім актісі десе де болады. Түптеп келгенде, бұл шара экономикамызды сауықтырып, әлеуметтік жікке бөлінушілік пен адамдардың арасындағы алшақтықтың алдын алуға тиіс". Қасым-Жомарт Тоқаев
Мемлекет басшысы бұл ретте адал бизнеске, шетелдік және отандық инвесторларға қауіптенудің еш реті жоқ екенін ескертті.
"Мен Жолдауымда жоғары деңгейде өңделген өнім шығаратын кластер құру керек екенін айттым. Экономикамыздың көшбасшылары индустрияландырудың қозғаушы күшіне айналып, соңынан өнеркәсіппен айналысушы кәсіпкерлердің жаңа толқынын ілестіре алады. Мен металлургия, химия, машина жасау және басқа да салаларда, кем дегенде, 15 ірі жобаны іске асыру міндетін жүктедім. Бұл – мемлекеттің де, бизнестің де міндеті. Бюджеттің мүмкіндіктері шектеулі. Бұған қоса, мемлекет тағайындаған менеджерлер де тиісті деңгейде жұмыс істемейді". Қасым-Жомарт Тоқаев
Сондықтан Президент еліміздің әлеуетті ірі бизнес өкілдеріне үндеу тастағысы келетінін мәлімдеді.
"Сіздерде қаржы да, тәжірибе де жеткілікті, әлемдік нарықтарға шығатын байланыстар да бар. Сондықтан осындай жобаларды жүзеге асыру мәселесін қарастыруға шамаларыңыз жетеді. Елдің дамуына қаржы құюға дайын екендеріңізді көрсетіңіздер. Адал әрі өз еліне пайдамды тигізсем деген ниеттегі бизнес әрдайым құрметке лайық және олар мемлекеттің қорғауында болады. Ашығын айтайын. Жоғары да айтылған өндірістерге инвестиция салу активтердің түп төркінінің заңдылығын дәлелдеуге талпыныс ретінде қарастырылады". Қасым-Жомарт Тоқаев
"Егер сіз бұрын-соңды ие болған капитал тек меншік иесіне ғана емес, сондай-ақ ұлттық экономиканың игілігіне және Қазақстанның өркендеуіне қызмет етсе, онда бұл – ақшаның қайдан келгені жөніндегі сұрақты күн тәртібінен алып тастауға жақсы себеп. Алайда мұндай мәмілеге келу мүмкіндігі барған сайын азайып келеді. Оны да түсіну керек. Үкімет экономиканы әртараптандыру үшін ірі бизнестің бүкіл қаржылық, технологиялық және кадрлық әлеуетін жұмылдыруы қажет" Президент
Айта кетсек, Мемлекет басшысы кәсіпкерлік саладағы бірінші міндет заң үстемдігін және жеке меншіктің қорғалуын қамтамасыз ету екенін айтқан болатын.
Бөлісу
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript