Air Asia X бюджеттік әуе компаниясы Малайзиядан Қазақстанға әуе бағыттарын ашты
2024 жылы 14 наурызда Air Asia X бюджеттік әуе компаниясының Куала-Лумпур - Алматы - Куала-Лумпур әуе бағыты бойынша инаугурациялық рейсі орындалды.
Air Asia X әуе компаниясының рейстері Куала-Лумпур қаласындағы әуежайдың 2 терминалынан аптасына 4 рейс жиілігімен Airbus ыңғайлы әуе кемелерінде орындалады.
Алматыдан Куала-Лумпурға ұшу ұзақтығы 6 сағат 55 минутты құрайды.
Рейстің ашылу салтанатына Малайзияның көлік министрі Энтони Локи, Қазақстан Республикасы Көлік министрлігінің Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Салтанат Томпиева, Қазақстан Республикасының Малайзиядағы Елшісі Болат Сугурбаев, Capital A холдингінің басшысы Камарудин Меранун, Air Asia X компаниясының төрағасы Бенямин Исмаил және басқа да тұлғалар қатысты.
Малайзияның Көлік министрі Энтони Локи өз сөзінде елінің Қазақстанды аймақтық транзиттік-көлік хабы ретінде қарастыратынын атап өтті. Өз кезегінде Қазақстан Республикасы Көлік министрлігінің Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Салтанат Томпиева Энтони Локиға алғысын білдіріп, Air Asia X әуекомпаниясының Қазақстанға рейстерінің ашылуына екі елдің министрліктері мен Қазақстанның Малайзиядағы Елшілігінің қатысуымен үлкен жұмыс атқарылғанын атап өтіп.
"D 7600 алғашқы рейсі Куала-Лумпур әуежайынан Алматы әуежайына әуе кемесінің жүз пайыздық жүктемесімен ұшты, бұл бағыттың жоғары сұраныста екендігін растайды. Алматы қаласының әуежайында малайзиялық делегацияны Алматы қаласы әкімдігі мен Алматы халықаралық әуежайының басшылығы қарсы алды", делінген Азаматтық авиация хабарламасында.
Айта кетсек, тікелей әуе қатынастың ашылуы екі ел арасындағы мәдени және экономикалық байланыстарды нығайтуға мүмкіндік береді. Еліміздің азаматтары үшін Куала-Лумпур арқылы ыңғайлы түйісетін Оңтүстік-Шығыс Азия елдеріне транзиттік рейстерді жоспарлау мүмкіндігі болады.
"Air Asia X бюджеттік компаниясының тікелей рейстерін іске қосу Қазақстанның авиациялық қызметтер нарығында бәсекелестікті арттыруға ықпал етеді", делінген хабарламада.