Бектенов тас жол бойындағы қоқыстарды сынға алып, құзіретті органдарға тапсырма берді
Бұл туралы 11 қыркүйекте Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады.
"Жекелеген өңірлерде қалдықтарды шығару және сақтау үшін инфрақұрылым мен жағдайлар жасауға жеткілікті көңіл бөлінбейді. Биыл Ақмола облысының Қоянды кентінің маңында жеке кәсіпорындардың тұрмыстық қалдықтарды төгіп, заңсыз полигондарды салу фактілері тіркелді. Біз қалалы жерлерде уақтылы шығарылмаған қоқыстардың автомобиль жолдарының бойында жиналып жататынын жиі көреміз. Мұндай көрініс әсіресе жеке тұрғын үйлер орналасқан аудандарында байқалады. Бұған жол берілмейді", — деп атап өткен Премьер-министр Экология және табиғи ресурстар министрлігіне қалдықтарды басқару және қоқыс шығаратын ұйымдардың қызметін бақылау тетіктерін күшейту жөнінде бірқатар тапсырмалар берді.
Сондай-ақ ведомствоаралық комиссия қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету, оның ішінде вандализм мен бұзақылыққа қарсы іс-қимыл мәселелерін қарады.
Жыл басынан бері еліміз бойынша қылмыстық құқық бұзушылықтар саны 4%-ға, тонау 14%-ға, бөтеннің мүлкін ұрлау 18,5%-ға төмендеген. Бүгінгі таңда осындай 13,7 мыңға жуық қылмыс ашылды. "Мүлдем төзбеу" қағидатына сәйкес, 9,4 млн-ға жуық әкімшілік құқық бұзушылықтың жолы кесілді, бұл өткен жылғы көрсеткіштерден 45%-ға жоғары. "Таза Қазақстан" акциясы аясында 856 стихиялық қоқыс орны анықталды. Бейнекамералар көмегімен 6,5 мың қылмыс пен 435 мың әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. Жалпы, соңғы 3 жылда қабылданған шаралар нәтижесінде қылмыстық құқық бұзушылықтар саны екі есеге азайды.
Сонымен қатар көшелерде жасалған қылмыстың көбеюі байқалады. Үкімет басшысы бірқатар өңірдің әкімдерін тыңдап, қауіпсіздікті қамтамасыз ету шараларын күшейтуді тапсырды.
"Тәжірибе көрсеткендей, қауіпсіздік камералары бар жерлерде құқық бұзушылықтар аз. Олар қоғамды тәртіпке үйретеді. Жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласында жаңа технологияларды қолдану жақсы нәтиже көрсетіп отыр. Енді бұл жұмысты қоғамдық тәртіп саласында да дамыту қажет. Бейнебақылау камераларының желісін кеңейтіп қана қоймай, олардың сапасын күшейте отырып, жеке басын сәйкестендіру мүмкіндігімен цифрлық интеллектуалдық жүйелерге көшуді жүзеге асыру қажет. Осыған байланысты, өңір әкімдіктері қоғамдық орындарда, тұрғын үйлердің аулаларында және азаматтар жаппай жиналатын орындарында бейнебақылау камераларының санын көбейту бойынша жұмысты ұйымдастырсын", — деп атап өтті Олжас Бектенов.
Үкімет басшысы отырысқа қатысушылардың назарын Қызылсуат ауылына жақын маңда Астана қаласының айналма жолында орын алған жағдайға аударды. Бұрын хабарланғандай, ауыр жүк көлігінің жүргізушілері пайда табу үшін автокөліктерді автоматты түрде өлшеу жүйесін бұзуға тырысқан. Бұл шара өз кезегінде жолдардың сақталуын қамтамасыз етуге және олардың бұзылуын болдырмауға бағытталған.
Көлік бақылауынан өтуден бас тарту және жауапкершіліктен жалтару фактілерін ескере отырып, Көлік министрлігіне Ішкі істер, Мәдениет және ақпарат министрліктерімен бірлесіп тиісті түсіндіру жұмыстарын күшейту және ауыр салмақты көлік құралдарының жүруіне сапалы бақылауды қамтамасыз ету жүктелді. Сондай-ақ абаттандыруға зиян келтіру, рұқсат етілмеген жерлерге қоқыс тастау сияқты басқа да мәселелер бойынша жұмысты күшейту тапсырылды.
Мәселені қарау қорытындысы бойынша Үкімет басшысы қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін ең ұсақ құқық бұзушылықтарға да әдістемелік реакциялар қажет екенін атап өтті. Көшелердегі, қоғамдық орындардағы жалпы тәртіп шешуші рөл атқарады және қылмыс пен құқық бұзушылықтың жалпы деңгейіне әсер етеді.
Бұзушылықтардың барлық түріне төзбеушілік танытуды көздейтін "сынған терезелер" теориясына сәйкес, тіпті болмашы құқық бұзушылықтарға жол беру қылмыстың, соның ішінде ауыр қылмыстардың көбеюіне әкеледі. Премьер-министр бұзақылыққа қарсы іс-қимылда орталық рөл жергілікті атқарушы органдарға беріліп отырғанын атап өтіп, өңірлердегі жұмысты күшейтуді тапсырды.