Ұлттық банк қазан айында кейбір тауарлардың қымбаттауына қатысты түсініктеме берді
2024 жылдың қазан айында жылдық инфляция қайтадан екпін алып, қыркүйектегі 8,3%-дан да асып 8,5%-ға жетті. Бағалардың бір айдағы өсу қарқыны да алдыңғы аймен салыстырғанда жеделдеп, 0,9%-ға жетті (0,4%), делінген Ұлттық банктің инфляциялық үрдістерге шолуында.
Азық-түлік инфляциясы
2024 жылдың қазан айында азық-түлік бағасының жылдық өсу қарқыны 4,9%-ға дейін
баяулады. Жұмыртқа, қант және кондитерлік өнімдер, ет және ет өнімдері, нан-тоқаш өнімдері
мен жармалардың бағасының өсу қарқынының баяулауы дезинфляциялық әсердің негізгі
факторлары болып отыр. Сонымен қатар, майлар мен тоң майлар, жемістер мен көкөністер,
кофе, шай және какао жылдық азық-түлік инфляциясына проинфляциялық үлес қосты.
"2024 жылдың қазан айында азық-түлік бағасы айлық мәнде 0,4%-ға өсті (2024 жылғы қыркүйекте – 0%). Айлық азық-түлік инфляциясына жұмыртқа, майлар мен тоң майлар, балық және теңіз өнімдерінің бағасының өсуі қатты қысым түсірді". ҚР Ұлттық банкі
Сурет: ҚР Ұлттық банкі
Сонымен қатар, жемістердің бағасы одан ары арзандауы, сондай-ақ қант, джем, бал, шоколад және кондитерлік өнімдердің бағасының түсуі азық-түлік инфляциясының динамикасы төмендеуіне әсер етті. Бір айдағы азық-түлік инфляциясына қатты ықпал еткен негізгі фактордың бірі жұмыртқа бағасының 3,2%-ға дейін өсуі болды (2024 жылдың қыркүйегінде – 6%).
Бағаның қымбаттауының негізгі себебі – ауыл шаруашылығында жұмыртқа өндірушілерінің бағасының айтарлықтай өсуі. Сонымен қатар, майлар мен тоң майлар бағасының өсуі де азық-түлік инфляциясына қосымша қысым түсірді.
2024 жылдың қазан айында олардың бағасы 1,7%-ға өсті (қыркүйекте – 1,8%). Бұл өсім ауыл шаруашылығында күнбағыс бағасының өсуіне байланысты майлар мен тоң майлар өндірушілердің бағасының өсуіне, сондай-ақ әлемдік нарықтағы май бағасының өсуіне байланысты болды.
2024 жылдың қазан айында ет бағасының бір айдағы өсу қарқыны 0,2% болды. Бұл санатта ең көп өсім құс етінде байқалып, оның бағасы бір айда 0,4%-ға өсті. Тауық етінің қымбаттауы ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілердің бағасының айтарлықтай өсуімен түсіндіріледі. Ал басқа ет түрлерінің бағасы орташа деңгейде ғана өсті.
Бір айдағы азық-түлік инфляциясын төмендеткен тауарлар – жеміс-жидек пен көкөніс, қант, джем, бал, шоколад және кондитерлік өнімдер.
2024 жылдың қазан айында жеміс-жидек пен көкөніс бағасы 1,1%-ға төмендеді. Жемістер ішінде бағаның төмендеуін негізгі қозғаушы тауарлар – жүзім (-5,7%), алма (-3,4%) және алмұрт (-2,2%) болды. Сонымен қатар, киви (7,8%), лимон (7%), апельсин (6,7%) және банан (2,4%) бағасының өсуі тіркелді.
Көкөністерден сәбіз (-10%), қызылша (-3,2%), пияз (-2,8%) және картоп (-2,1%) бағасы төмендеді. Бұл бағаның төмендеуі маусымдық сипатқа ие және егін жинау науқанымен байланысты.
"Дегенмен, көкөністердің бағасы айлық мәнде 0,7%-ға өсті, бұл – жалпы көкөніс құнының 2024 жылғы наурыздан бері алғаш рет өсуі. Әсіресе, қияр (9,7%), қызанақ (8,6%), түрлітүсті қырыққабат (6,9%) және сарымсақ (6,8%) бағасының айтарлықтай өскені байқалды. Қанттың тұтыну бағасы 2024 жылдың қазан айында 1,6%-ға төмендеді". ҚР Ұлттық банкі
Қанттың 5 ай қатарынан арзандауы қант өндірушілердің бағасының төмендеуіне байланысты.
"Алайда, 2024 жылғы қаңтар-тамыздағы мәліметтерге сәйкес, қанттың шамамен 72%-ы импортталатынын ескере отырып, кейінгі 2 айда әлемдік қант бағасының өсуі оның алдағы құнына әсер етуі мүмкін", делінген шолуда.
Азық-түлік емес тауарлар инфляциясы
2024 жылдың қазан айында азық-түлік емес тауарлардың жылдық бағасының өсімі 7,8%- ға дейін жеделдеді (2024 жылғы қыркүйекте – 7,6%).
2024 жылдың қазан айында азық-түлік емес тауарлардың айлық бағасының өсуі 1%-ға дейін жеделдеді (2024 жылғы қыркүйекте – 0,6%). Бұл жеделдеуге көп үлес қосқан дыбысбейне шолу жабдығы мен фотоаппараттардың, сондай-ақ ақпаратты өңдеу жабдықтарының (7,8%), оның ішінде теледидарлардың (10%), ноутбуктердің (7,8%) және планшеттердің (7,7%) бағасының көтерілуі болды.
Сонымен қатар, тұрмыстық техникалардың (2,6%), оның ішінде ас үй плиталарының (8,3%), тоңазытқыштардың (7,7%) және кір жуатын машиналардың (6,2%) бағасының өскені байқалды.
"Бұл тауарлардың бағасы номиналды теңге бағамының әлсіреуіне байланысты бағаның өзгеруі жалғасқандықтан артты. Сонымен қатар, қазанда аяқ киімнің (1,3%) және қатты отынның (2%) бағасының маусымдық факторларға байланысты айтарлықтай өскені тіркелді, ал аяқ киім бағасына бағам факторының әсері де күшейді".ҚР Ұлттық банкі
Бұған қоса, қазанда шыны бұйымдары, ас үй ыдыстары және тұрмыстық заттардың бағасы (2,8%-ға), сондай-ақ кітаптар мен кеңсе тауарларының бағасы (0,1%-ға) төмендегені байқалды.
ҚР Ұлттық банк шолуында 2024 жылғы маусымда теңгенің номиналды айырбас бағамының әлсіреуі импорттау бағаларының өсуін жеделдеткені де айтылады.
Биылғы тамызда телефон, тоңазытқыш, кір
жуатын машина, принтер, санитарлық және
тұрмыстық техниканы импорттау бағалары
өсті.
Импортталатын дәрі-дәрмек одан ары
қымбаттап жатыр, олардың ішкі тұтынудағы
үлесі жергілікті өндіріс көлемінен айтарлықтай
артық. Импорттық жабдықтардың бағасының
өсуі өндіріс шығындарының артуына және
шығарылатын өнімдердің қымбаттауына
әкелуі мүмкін.