Ресейге салынған санкциялар Қазақстандағы АЭС құрылысына кедергі келтіруі мүмкін бе
![АЭС, Ресей, санкциялар, Қазақстан, кедергі келтіру, сурет - Zakon.kz жаңалық 29.01.2025 19:46](https://kaz.zakon.kz/pbi/WEBP/2025-01-29/file-85c93f0c-6232-49c6-b80f-75ca77af8183/400x225.webp)
Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев 2025 жылғы 29 қаңтарда ведомствода өткен брифинг барысында Қазақстанда атом станцияларын салу кезінде вендорларды таңдау қалай жүзеге асырылатынын айтты, деп хабарлайды Zakon.kz.
Журналистер қазір консорциумға төрт вендор кіретінін еске салып, "осыған байланысты олардың арасында Ресейге қарсы санкциялар бойынша түбегейлі келіспеушіліктер туындап жүрмей ме" деп сұрады.
"Консорциумды құру жөніндегі түпкілікті шешімді Қазақстан Республикасы қабылдайды. Жоғары білікті арнайы комиссия құрылды, олар барлық осындай тәуекелдерді зерттейді. Біз барлық әлеуетті вендорларға таратып берген сауалнамаларда консорциум құрамы бойынша, белгілі бір санкциялық шектеулер бойынша, кепілдіктер беруге дайын-дайын еместігі бойынша барлығы нақты жазылған. Екіншіден, әлеуетті вендорлармен жасалатын барлық келісімшарт пен барлық келісім халықаралық антисанкциялық комплаенстен өтеді, барлық шартта санкциялық ескертпе деп аталатын тармақ болады, ол кейіннен бір тарапқа санкция енгізілген жағдайдағы кез келген тәуекелдерді азайтады. Яғни, Үкімет бастапқыда шешім қабылдаған кезде болашақта қандай да бір шектен шығуды болдырмау мақсатында осы тәуекелдердің барлығын барынша азайтады", - деп атап өтті министр.
Осылай деген Энергетика министрі егер қатысушылар арасында қандай да бір қайшылықтар туындаса, онда мұндай консорциум құрылмайды да және басқа, неғұрлым сенімді, ұзақ мерзімді вендорлар құрамы немесе комбинациясы қолданылатынын жеткізді.
Журналистер: "Екінші атом электр станциясын салу кезінде де осылай вендорларды таңдау қайта жүргізіледі ме және оған кімдер кіре алады" деп сұрады.
"Біз екінші станцияны да әлеуетті білікті вендорлардан құралған консорциум салады деп санаймыз, өйткені олар бойынша өте терең талдау жүргізілген. Осылайша, Қазақстандағы құрылыстың әлеуетті мердігерлері ретінде біз соларды танимыз. АЭС қуаты орналасқан аймағына қарай анықталады... Яғни, біз алдын ала білікті қызмет көрсетушілерге артықшылық беруді жөн көреміз", – деп сөзін түйіндеді Энергетика министрі.
29 қаңтарда Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев Қазақстанда атом электр станциясын қалай тез салуға болатынын айтқан еді.
Мақаламен бөлісу
Оқи отырыңыз