Қазақстан мен Өзбекстан Қырғыз елін болашақта өздеріне жеткізілетін су есебінен электрмен қамсыздандырмақ

Отырыс, Энергетика министрлігі, Алматы, Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, сурет - Zakon.kz жаңалық 23.11.2025 11:49 Сурет: gov.kz
Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан өзара келісімге келді: Қазақстан мен Өзбекстан күз-қыс мезгілінде Қырғызстанға электр энергиясын жеткізеді, ал Бішкек жинақталған суды көршілес елдердің ауыл шаруашылығы алқаптарын тұрақты суарумен қамтамасыз етуге жұмсайды, деп хабарлайды Zakon.kz.

Алматыда, 2025 жылғы 22 қарашада ҚР Энергетика министрі Ерлан Ақкенженовтың төрағалығымен Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстанның су-энергетика саласына жауапты ведомстволары басшыларының отырысы өтті.

"Тараптар су-энергетикалық ынтымақтастықты одан әрі дамыту параметрлері бойынша келісімге келді. Тоқтағұл су қоймасындағы күрделі жағдайды ескере отырып, қатысушылар бір-біріне өзара электр энергиясын жеткізу арқылы қолдау көрсетуге және алдағы жылыту маусымын, сондай-ақ келер вегетациялық кезеңге дайындықты үйлестіруге уағдаласты", делінген Энергетика министрлігі хабарламасында.

Қазақстан мен Өзбекстан күз-қыс мезгілінде Қырғызстанға электр энергиясын жеткізуге дайын екенін растады. Бұл қырғыз тарапына қыс кезінде электр энергиясын өндіру көлемін азайтып, Тоқтағұл су қоймасында су жинауға мүмкіндік береді. Жиналған су көлемі вегетация кезеңінде Қазақстан мен Өзбекстанға бағытталып, оңтүстік өңірлердің ауыл шаруашылығы алқаптарын тұрақты суарумен қамтамасыз етеді.

Сонымен қатар, өңірде тұтынуды азайту және энергия үнемдеу бойынша бірлескен шаралар қабылдау туралы келісімге қол жеткізілді.

"Келіссөздерге қатысушылар жұмыстың достық және өзара түсіністік рухында жүргізіліп жатқанын, оның бүкіл Орталық Азиядағы энергетикалық қауіпсіздік пен тұрақтылықты нығайтуға бағытталғанын атап өтті. Өзбекстан тарапы сондай-ақ энергия жүйесінің транзиті, жеткізілімдері және теңгерімін техникалық қамтамасыз етуге дайын екенін білдірді", делінген хабарламада.

Отырыс қорытындысы бойынша 2025–2026 жылдардағы қысқы электр энергиясы жеткізілімдерінің көлемін және 2026 жылғы вегетациялық кезеңге су жинауды құқықтық тұрғыдан бекітетін үшжақты хаттамаға қол қойылды.

Келіссөздерге ҚР Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов, Қырғызстанның Энергетика министрі Таалайбек Ибраев, Өзбекстанның Энергетика министрі Журабек Мирзамахмудов, Өзбекстанның Су шаруашылығы министрі Шавкат Хамраев және Қырғызстанның Су ресурстары, ауыл шаруашылығы және қайта өңдеу өнеркәсібі министрінің орынбасары Алмаз Жээналиев қатысты.

Бұған дейін энергетика министрі Ерлан Ақкенженов Қазақстанда Қырғыз еліндегідей кешкі 22-00-ден бастап жарықты сөндірген секілді шектеу енгізілу-енгізілмеу мүмкіндігіне қатысты пікір білдірген болатын.

Мақаламен бөлісу
Мақаламен бөлісу:
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: