Ел бюджетіне 730 млрд теңге көлемінде салық толығымен түспеген: себебі белгілі болды

Деньги, тенге, национальная валюта РК, курс тенге, сурет - Zakon.kz жаңалық 15.07.2026 13:28 Фото: Zakon.kz
2025 жылғы салықтық және кедендік әкімшілендіру тиімділігіне жүргізілген мемлекеттік аудит аяқталды. Тексеру қорытындылары ҚР Жоғары аудиторлық палатасының отырысында қаралды. Толығырақ 2026 жылғы 15 шілдеде ведомствоның баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды Zakon.kz.

Мемлекеттік аудиторлардың анықтауынша, есепті кезеңде республикалық бюджетке түсетін салықтық түсімдер жоспары толық орындалмаған.

"Түспеген сома 730 млрд теңге немесе 4,8%. Негізгі себептердің бірі – салық бойынша болжам 1,3 трлн теңгеге артық жоспарланған",- делінген ақпаратта.

Аудит нәтижесінде соңғы төрт жылда қосымша есептелген салық сомалары бойынша дауланған істердің жартысынан астамы салық төлеушілердің пайдасына шешілгені анықталды. Бұған салық заңнамасының талаптарын бұзу және салықтық тексеру актілерін жасау кезінде жіберілген рәсімдік қателіктер себеп болған.

Осыған байланысты Жоғары аудиторлық палата салықтық тексерулер жүргізу сапасын бақылауды күшейту қажет деп есептейді.

Кедендік бақылау мәселесіне қатысты мемлекеттік аудиторлар тауарларды әкелу кезінде жеңілдіктердің заңсыз берілуіне назар аударды. Атап айтқанда, электр көліктеріне ғана арналған жеңілдіктерді гибридті автокөліктерді әкелу кезінде де қолдану фактілері анықталды. Соның салдарынан анықталған фактілер бойынша ғана бюджетке 70 млн теңге көлемінде қаражат толық түспеген.

Сонымен қатар аудиторлар сыртқы экономикалық қызметтің 34 қатысушысы тауарларды импорттау кезінде есепке жатқызу әдісімен төленетін қосылған құн салығын (ҚҚС) заңсыз төлегенін анықтады. Соның нәтижесінде импортқа салынатын ҚҚС бойынша бюджетке 670 млн теңгеден астам қаражат түспеген.

Тексеру барысында кедендік рәсімдерді жеңілдету құқығына ие уәкілетті экономикалық оператор компаниялардың қызметіне бақылаудың тиісті деңгейде жүргізілмейтіні де атап өтілді. Соның салдарынан кейбір уәкілетті экономикалық операторлар қызметін тоқтатуға негіз болғанына қарамастан өздеріне берілген жеңілдіктерді пайдалануды жалғастыра берген.

Сонымен бірге аудит аяқ киім өнімдерін міндетті таңбалау жүйесінің салық түсімдерін арттырудағы әлеуеті әзірге толық пайдаланылмай отырғанын көрсетті.

Сондай-ақ аудиторлар Мемлекеттік кірістер комитеті мемлекеттік көрсетілетін қызметтер есебін жүргізу, мониторинг жасау және олардың сапасын бақылау жұмыстарын жетілдіруі қажет деген қорытындыға келді.

Жалпы аудит қорытындысы бойынша:

  • 2,7 млрд теңге қаржылық бұзушылық анықталды.
  • 33 рәсімдік бұзушылық пен 11 жүйелі кемшілік анықталды.

Жоғары аудиторлық палата анықталған мәселелер бойынша тапсырмалар мен ұсынымдар әзірледі. Тиісті нұсқамалар міндетті түрде орындау үшін аудит объектілеріне жолданды және бақылауда болады.

Бұған дейін Қазақстан бюджетінің кірісі шамамен 16%-ға өскенін жазғанбыз.

Мақаламен бөлісу
Мақаламен бөлісу:
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: