Қазақстандық кәсіпкерлерге ЕАЭО елдерінің мемлекеттік сатып алуларына қатысу жеңілдейді
Фото: primeminister.kz
Құрылтай депутаттары 2026 жылғы 28 қазанда Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау жөніндегі заңды екі оқылымда қабылдады. Құжат қазақстандық кәсіпкерлердің одақ елдеріндегі мемлекеттік сатып алуларға қатысуын жеңілдетуді көздейді.
ҚР Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев "2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы" заң жобасын таныстырды.
"Оның ережелері ЕАЭО аясындағы құқықтық реттеуді жетілдіруге және құқық қолдану тәжірибесі барысында анықталған олқылықтарды жоюға бағытталған. Ұсынылып отырған хаттама ЕАЭО туралы шартқа 30 түзету енгізуді көздейді. Олар ішкі нарықтың жұмыс істеуі, мемлекеттік сатып алу, техникалық реттеу, қызметтер саудасы, бәсекелестік, электр энергетикасы және көлік мәселелерін қамтиды. Атап айтқанда, Еуразиялық экономикалық комиссияға одақтың ішкі нарығындағы кедергілерді саралау және кедергілер мен шектеулердің жойылғанын тану әдістемесін бекіту өкілеттігі беріледі", – деді министр.
Оның айтуынша, бұл норма комиссия жұмысының бірыңғай құқықтық негізін қалыптастырып, мемлекеттер арасындағы кедергісіз ортаны дамытуға ықпал етеді.
"Қазақстанның мемлекеттік сатып алу саласындағы бастамасын іске асыруға ерекше назар аудару қажет. Хаттама банк кепілдіктерін өзара тануды бекітеді. Бұл қазақстандық банктің кепілдігі болған жағдайда отандық кәсіпкерлерге ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің мемлекеттік сатып алу нарықтарына шығуға мүмкіндік береді. Бұған дейін басқа мүше мемлекеттердің банктерінен кепілдік алу талап етілетін. Сонымен қатар әкелінетін кедендік баждарды төлеуге қатысты мәліметтермен алмасу жөніндегі нормалардың қайталануы жойылады. Себебі мұндай ақпарат алмасу ЕАЭО Кеден кодексінде қарастырылған. Сондай-ақ комиссияның мүше мемлекеттер ұсынатын ақпаратты пайдалану мақсаттары нақтыланады", – деп жалғастырды ол.
Бәсекелестік саласында комиссия шешімдерін мәжбүрлеп орындату тәртібі сол шешімдер орындалатын мемлекеттің заңнамасын ескере отырып нақтыланады.
"Бұған қоса, ескірген нормалар мен терминдер алынып тасталып, редакциялық өзгерістер енгізіледі. Оның ішінде Қазақстан астанасының атауы "Нұр-Сұлтаннан" "Астанаға" өзгертіледі. Осылайша, түзетулер қайталанатын ережелерді жоюға, қолданыстағы тетіктерді нақтылауға және одақ аясындағы жекелеген рәсімдердің ашықтығын арттыруға бағытталған. Хаттама бойынша жұмыс мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп жүргізілді. Оны ратификациялау республикалық бюджеттен қосымша қаржы бөлуді талап етпейді", – деді министр.
Еске салайық, 2026 жылғы 6 қазанда Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев "Қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек туралы Еуропалық конвенцияны ратификациялау туралы" заңға қол қойған болатын.
Мақаламен бөлісу
Оқи отырыңыз
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript