Жерге қуаты күшті магниттік дауылдар жақындап келеді
Сурет: Telegram/lpixras
Мәліметке сүйенсек, соңғы тәулікте геомагниттік жағдай негізінен тыныш, тек аздаған ауытқулар байқалған. Ал Күндегі жарқылдық белсенділік өте жоғары деңгейде сақталып отыр, бұл – Жер үшін айтарлықтай қауіп тудырады. Бір тәулікте шамамен 15 жарқыл тіркелген, олардың ішінде ең жоғарғы X1.2 класты жарқыл да бар.
"Алдағы тәуліктің болжамы бойынша, геомагниттік жағдай күннің соңына қарай (Мәскеу уақытымен), яғни Астана уақыты бойынша 12 қарашада, G1–G2 деңгейіндегі магниттік дауылдар күтіледі. Ертең дауылдар G3–G4 деңгейіне дейін күшеюі мүмкін. Күн белсенділігі жоғары күйінде қалып отыр, қуатты жарқылдардың қайталану қаупі бар", – деп хабарлады ғалымдар.
Олардың айтуынша, есептеулер 11–12 қараша түйісінде Жерге екі күндік плазмалық бұлт – 9 және 10 қарашада болған екі ірі Күн жарқылының салдары – жететінін көрсетіп отыр.

Сурет: Telegram/lpixras
Болжамдар өткен аптаның ортасындағы жағдайға ұқсас. Сол кезде, 7 қарашада, биылғы жылдың ең қуатты геомагниттік дауылы күтілген еді, бірақ плазма бұлттары Жерді шеткі аймақтарымен ғана шарпып өтіп, G2–G3 деңгейіндегі үш күндік орташа дауылдармен шектелген болатын. Ал қазіргі жағдайда негізгі соққы бағытында орналасқан, әлдеқайда күшті әсер күтіледі, дегенмен плазманың ең тығыз бөлігі Жер орбитасынан 10–15° ауытқып өтеді, бұл әсерді сәл әлсіретуі мүмкін.
Ғалымдардың айтуынша, екінші жарқылдың плазмалық бұлты әлдеқайда жоғары жылдамдықпен қозғалғандықтан, ол алдыңғы тәуліктегі бұлтты қуып жетіп, бірігіп кетуі де мүмкін.
"Егер солай болса, онда Жерге 12 қарашаға қараған түні (Астана уақытымен шамамен 02:00-де) аса тығыз әрі күшейген магнит өрісі бар біртұтас бұлт келеді. Модельдік есептер бойынша, екі соққының арасында бірнеше сағаттық үзіліс болады. Бірінші әсер бүгін, 11 қараша күні сағат 18:20-да (Мәскеу уақытымен, Астанада 20:20) басталып, G1–G2 деңгейіндегі дауылдар мен солтүстік шұғыласын туындатуы мүмкін. Екінші, негізгі соққы түнде немесе 12 қарашаның таңында жетіп, G3–G4 деңгейіндегі дауылдың шарықтау шегін қалыптастыруы ықтимал", – делінген зертханада.
Ғалымдардың атап өтуінше, осы жылы G4 деңгейіндегі дауылдар бар болғаны екі рет тіркелді:
- 1 қаңтарда, көпшілік мерекеге байланысты оны байқамай қалды;
- 1 маусымда, Күннен тікелей Жерге бағытталған ірі соққыдан кейін.
G5 деңгейіндегі аса күшті дауылдар соңғы рет 2024 жылдың мамыр айында, яғни 20 жылдан кейін алғаш рет тіркелген болатын. Қазіргі жағдайда мұндай күшті (G5) деңгейге жету ықтималдығы өте төмен, тек егер бүгін кешке алғашқы соққы болжамнан әлдеқайда күшті болып шықса ғана мүмкін.