Италияда табылған мүсін ғалымдарды таң-тамаша етті
Сурет: pexels
Италияда Фрайбург университеті мен Майнц қаласындағы Иоганн Гутенберг университетінің археологтары 2020 жылы ғана анықталған кейінгі архаикалық дәуірдің монументалды ғибадатханасының қалдықтарын зерттеу барысында мүсіннің басын тапқан.
Артефакт 2500 жылдан астам уақыт жер астында жатқанына қарамастан, жақсы сақталған.

Сурет: Mariachiara Franceschini, Vulci Cityscape
Фрайбург университетінің ғалымы Мариакиара Франческининің айтуынша, бұл олжа гректер мен этрусктар арасындағы байланыс бұрын ойлағаннан да терең және алуан қырлы болғанын көрсетеді.
Екі халық діни идеялармен де, шеберлермен де алмасқан. Этрурияға керамика ғана емес, сонымен бірге сәнді мүсіндер де жеткізіліп тұрған.
Мәрмәрден жасалған бас бөлік "Коре" деп аталатын жас қызды бейнелейтін мүсін түріне тиесілі. Зерттеушілердің пікірінше, мүсін Аттикада жасалып, кейін Этрурияға әкелінген.
Ең қызығы – мүсінде бастапқы бояудың іздері сақталған. Мұндай пигменттердің сақталуы өте сирек кездесетін құбылыс. Олар мүсіннің бастапқы келбетін қалпына келтіруге мүмкіндік береді.
Бұған дейін Швейцарияда тас дәуіріне жататын ежелгі қорған табылғанын жазғанбыз.