"Алаш Республикасы" болғанын дәлелдейтін тарихи құжаттар табылды

Құжаттар, тарихи, Алаш Республикасы, Әлихан Бөкейханұлы, сурет - Zakon.kz жаңалық 22.07.2026 22:52 Сурет: Zakon.kz
Бұратана елге айналған халқын тәуелсіз етем деп жанын салған ұлт көшбасшысы Әлихан Бөкейханұлының туғанына биыл 160 жыл. Мерейтой аясында Алаш арысының саяси және ғылыми мұрасы қайта сарапталуда, деп хабарлайды Zakon.kz.

1911 жылы Санкт-Петербургте басылған еңбектерінде-ақ Әлихан Бөкейхан қазақ жерінің шекарасын ғылыми түрде дәлелдеп шықты. Ол тек саясаткер емес, өз заманының эрудит ғалымы еді. Экономист, ормантанушы ретінде ол өлкедегі топырақтың, мал шаруашылығының ерекшелігін толық зерттеп, патша империясының жерді еріксіз тартып алу саясатына тосқауыл қоюға тырысты, деп хабарлайды astanatv.kz.

"Әлихан Бөкейханұлының 160 жылдығы – бұл біздің шынында да елдігімізді көрсететін, білім мен ғылым құндылығын айқындайтын деңгей. Әлихан Бөкейхан ғылымға аса көңіл бөлді. Біздің жазылмаған тарихымызды түзеуге, шежіремізді түзеуге, сонымен бірге жердің тұтастығын, елдің тұтастығын, сол кезеңдегі қазақтың әлеуметтік экономикасын, ауыл шаруашылығының мәселелерін қозғады". ҚР ҰҒА академигі, "Қазақ газеттері" ЖШС-ның бас директоры Дихан Қамзабек

Әлихан Бөкейхановтың басты еңбегі – шашыраңқы жатқан қазақ қоғамын біріктіріп, саяси партия мен Алаш автономиясын құруы. Ол елдің жері де, кені де, үстіндегі байлығы да қазақтың өзіне қызмет етуі тиіс деп есептеді. Бұл идеялар бүгінгі Тәуелсіз Қазақстанның да негізінде жатыр.

"Бұл кісі көп қырлы, үлкен ғалым. Ғалым болғанда, ол кісінің жазбаған тақырыбы қалмаған. Сондай көп қырлы, энциклопедияшы ғалым және үлкен саясаткер. Енді бұл кісі, шынын айтқанда, қазіргі біздің тәуелсіздігіміздің басында тұрған адам. Осы қазақты қайткен күнде де тәуелсіз ел қылам деп бірінші рет Ресей империясына қарсы қарсылық көрсеткен осы Әлиханның айналасындағы зиялылар". Алаштанушы, профессор Аманқос Құлтанұлы

1922 жылдан бастап кеңес өкіметі Әлиханның Қазақстанға келуіне тыйым салды. Мәскеуде үй қамақта жатса да, ол Қазақ Орталық баспасында қызмет етіп, мектептерге арналған оқулықтар аударды. Саналы ғұмырын ел болашағына арнады. Қолынан келгенше ұлтты оятуға тырысты.


"Қазақтың тарихын қазақтан басқа еріккеннің бәрі жазды" деп Әлихан Бөкейханов айтқандай, біз әлі де КСРО идеологиясымен бұрмаланған тарихтың көлеңкесінде келе жатырмыз. Соңғы 3-4 жылда Жапония, Чехия, Славакия, Қытай мен АҚШ-та өте маңызды тарихи архивтер ашылды. Онда 20 ғасырдың басында қазіргі қазақ жерінде Алаш автономиясы емес, Алаш Республикасы құрылғанын дәлелдейтін құжаттар бар. Олар шетелдермен байланыс жасап, ішкі-сыртқы саясат та жүргізген. Біз енді ғана осындай шындыққа қол жеткізе бастадық". Алаштанушы Сұлтанхан Жүсіп

Әлихан Бөкейханұлы салған елдік пен мемлекетшілдік жол, оның ғылыми мұрасы мен саяси бағдары қазіргі жас буын үшін өшпес өнеге болып қала бермек. Алаш идеясы – бұл тек өткеннің тарихы емес, бұл – мәңгілік елдіктің темірқазығы. Әлихан Бөкейханов армандаған Тәуелсіз, гүлденген Қазақстанды сақтау мен дамыту – бүгінгі ұрпақтың басты парызы.

Мақаламен бөлісу
Мақаламен бөлісу:
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: