Қазақстандықтардың ғылыми атақтары ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің растауынсыз таныла береді
Сурет: pexels
Келісімге сәйкес, ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің уәкілетті органдары берген аға ғылыми қызметкер, доцент, қауымдастырылған профессор (доцент) және профессор ғылыми атақтары туралы құжаттар ұлттық тану рәсімдерінен өтпей-ақ өзара танылады. Осылайша, Қазақстан Республикасында берілген ғылыми атақтар туралы құжаттар ЕАЭО-ға мүше басқа мемлекеттердің аумағында қосымша растау рәсімдерінен өтпей-ақ танылады, деп хабарлайды ҚР Сауда және интеграция министрлігінің баспасөз қызметі.
Сонымен қатар, аталған келісімнің ережелері ол күшіне енгенге дейін берілген ғылыми атақтар туралы құжаттарға да қолданылады. Келісімді іске асыру ЕАЭО ортақ еңбек нарығы шеңберінде ғылыми және ғылыми-педагогикалық қызметкерлердің еңбек қызметін жүзеге асыруын қамтамасыз етуге, жұмысқа орналасу кезіндегі әкімшілік рәсімдерді қысқартуға, сондай-ақ ғылыми атақтар туралы құжаттарды тануға байланысты азаматтардың уақыттық және қаржылық шығындарын азайтуға мүмкіндік береді.
Бұған дейін, 2024 жылғы 2 мамырда, ЕАЭО-ға мүше мемлекеттерде ғылыми дәрежелер туралы құжаттарды өзара тану туралы келісім күшіне енгенін айта кету керек.