5G денсаулыққа қауіпті ме: қазақстандықтар нені білуі керек
Сурет: pexels
Ведомство қазіргі ғылыми деректер қауіпсіздік талаптары сақталған жағдайда 4G және 5G технологияларының адам денсаулығына қауіпті емес екендігін мәлімдеді.
Ұялы байланыс технологияларының дамуымен бірге адамдар арасында мобильді телефондар, байланыс мұнаралары және электромагниттік өрістердің (ЭМӨ) әсеріне қатысты алаңдаушылық та пайда болады. Соның ішінде 4G және 5G сигналдарының денсаулыққа кері әсер етуі мүмкін деген ақпараттар да бар.
"Қолда бар ғылыми деректерді бағалау үшін биыл Қазақстандағы бірқатар ғылыми және медициналық ұйымдардың мамандары халықаралық зерттеулерге талдау жүргізді. Метаанализдер мен жүйелі шолуларды қоса алғанда, 255-тен астам ғылыми жарияланым зерттелді. Нәтижелер көрсеткендей, қазіргі уақытта халықаралық электромагниттік қауіпсіздік нормалары сақталған жағдайда 5G технологиясының адам денсаулығына ұзақ мерзімді кері әсері бар екенін дәлелдейтін нақты ғылыми деректер алынған жоқ", – деді ҚР ДСМ СЭБК баспасөз қызметі.
Сонымен қатар комитет ғалымдардың радиожиілік сәулеленуінің әсерін зерттеуді жалғастырып жатқанын атап өтті.
Жекелеген мәселелер әлі де ғылыми пікірталастардың тақырыбы болып отыр. Сондықтан ғылыми қауымдастық ЭМӨ-ні нормалау мәселесінде сақтық ұстанымын ұстанып, жаңа деректерді тұрақты түрде бағалайды", – деп хабарлады комитеттің баспасөз қызметі.
Ведомствоның мәліметінше, Қазақстанда электромагниттік өріс деңгейі санитариялық-гигиеналық нормативтермен реттеледі. Бұл нормалар адамға әсер етудің шекті деңгейін белгілеп, денсаулыққа қауіпсіз өмір сүру жағдайларын қамтамасыз етуге бағытталған.
"Халық үшін белгіленген ЭМӨ деңгейлері кәсіби қызмет барысында жұмысшыларға рұқсат етілетін нормативтерден төмен және айтарлықтай гигиеналық қауіпсіздік қорын қарастырады. Сондықтан белгіленген талаптар сақталған жағдайда ұялы байланыс мұнаралары мен 4G/5G жабдықтарының болуының өзі оларды халық денсаулығына қауіпті деп санауға негіз болмайды", – деді ҚР ДСМ СЭБК баспасөз қызметі.
Комитет сондай-ақ заманауи технологиялардың әсері туралы ақпаратты ресми әрі ғылыми негізделген дереккөздерден алудың маңызды екенін атап өтті. Әлеуметтік желілердегі тексерілмеген ақпараттарға сүйеніп, денсаулыққа төнетін қауіп туралы қорытынды жасамауға шақырды.
15 тамызда Денсаулық сақтау министрлігі Қазақстандағы өлім-жітім көрсеткішінің төмендегенін хабарлаған болатын. Ведомствоның мәліметінше, халық денсаулығының негізгі көрсеткіштерінде оң динамика байқалады: жалпы өлім-жітім 0,8%-ға төмендеген. Өлім-жітімнің ең көп төмендеуі қанайналым жүйесі ауруларынан (10,9%-ға), онкологиялық аурулардан (5%-ға) және жол-көлік оқиғаларының салдарынан (20,9%-ға) тіркелген.