Валюта айырбасы: Ұлттық банк қазақстандықтарға ескерту жасады
Қазақстан Ұлттық Банкі қолданыстағы заңнамаға сәйкес, Қазақстан Республикасының аумағында қолма-қол шетел валютасын айырбастау операцияларын тек екінші деңгейлі банктер мен өздеріне берілген лицензия негізінде банктік емес айырбастау пунктері ғана жүргізуге құқылы екенін хабарлайды.
Қолма-қол валюталарды жоғарыда көрсетілген валюта айырбастау пунктері арқылы айырбастау – қаржы қызметін пайдаланушылар құқығының қорғалуын қамтамасыз етеді. Жұмыс істеп тұрған банктік емес айырбастау пунктерінің мекен-жайы мен қосымша ақпараттарды ҚҰБ-тың сайтынан алуға болады. Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің баспасөз қызметі
Сондай-ақ, ҚҰБ тиісті лицензиясыз айырбастау операцияларын жүргізу заңсыз кәсіпкерлік түріне жататындығын, ол үшін ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы Кодексінің 155, 463-баптарымен және ҚР Қылмыстық Кодексінің 214-бабымен әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік көзделгенін ескертеді. Заңсыз делдалдар, оның ішінде интернет алаңдары мен әлеуметтік желілер арқылы айырбастау операцияларын жүргізуді ұсыну – заңсыз саналады және жалған монета жасаушылармен мәміле жасау қаупін тудырады.
ҚҰБ мүдделі мемлекеттік және құқық қорғау органдарымен бірлесіп, ішкі қолма-қол шетел валютасы нарығындағы жағдайға тұрақты мониторинг жүргізіп келеді.
Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасында валюта айырбастаудың, сол сияқты төлем карточкаларын пайдалану, онлайн-банкинг секілді балама түрлері де қарастырылған, олар әлдеқайда қолжетімді әрі 24/7 режимінде қауіпсіз қызмет көрсетеді. Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің баспасөз қызметі
Еске сала кетейік, қаржылық тұрақтылыққа төнер қауіп-қатердің алдын алу және спекулятивті қысымды төмендету мақсатында 2022 жылдың 14 наурызында «Қазақстан Республикасында қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету шаралары туралы» Қазақстан Республкасы Президентінің Жарлығы қабылданған болатын.
Қазіргі таңда қолма-қол шетел валютасымен қамтамасыз ету мәселесі тұрақталды, тұрғындар тарапынан сұранысқа қатысты дүрлігу байқалмайды. Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің баспасөз қызметі
Ел ішінде ішкі валюта нарығының тұрақтылығын қамтамасыз етуге ықпалдасу мақсатында ҚҰБ екініші деңгейлі банктерді қажеттілігіне қарай қолма-қол шетел валютасымен қамсыздандырып отыр.