"Plus capital" ірі қаржы пирамидасы қазақстандықтардың 3,6 млрд теңгесін иемденген
Шұғыла Тұрлыбек Ішкі істер министрлігінің Тергеу департаменті "Plus capital" ЖШС қызметкерлеріне және басқа да тұлғаларға қатысты қаржы пирамидасын ұйымдастыру және алаяқтық фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатқанын айтты.
"Маңғыстау облысында "Plus capital" қаржы пирамидасын ұйымдастырған қылмыстық топ азаматтардың қаражатын, жылжымалы және жылжымайтын мүлкін заңсыз иемденген. Келтірілген шығын - 3,6 млрд теңге. 600-ден астам қазақстандық жәбірленуші болып танылды".Шұғыла Тұрлыбек
Ол бүгінде облыс тұрғыны мен нотариус ұсталғанын атап өтті. Олар сот үкімімен 12 жылға бас бостандығынан айырылды.
Ал қаржы пирамидасын ұйымдастырушыға халықаралық іздеу жарияланғаны хабарланды.
"Полицейлер оның тұрған жерін анықтау және ұстау бойынша жедел-іздестіру шарасын жүргізіп жатыр. Қазір ІІМ Тергеу департаменті осы қылмысқа қатысы бар басқа да тұлғаларды қылмыстық жауапкершілікке тартып жатыр".Шұғыла Тұрлыбек
Ішкі істер министрлігі "Plus capital" қаржы пирамидасының заңсыз қызметінен зардап шеккендерден бұл туралы ІІМ-нің Маңғыстау облысы бойынша жедел-тергеу тобының орналасқан жеріне хабарлауды сұрайды.
13 ақпанда Шымкентте "AYBA-Жанұя" қаржы пирамидасына қатысты іс тергеліп жатқаны белгілі болды.