2,5 мыңға жуық қазақстандық банкроттыққа өтініш берді
Бұл туралы Мемлекеттік кірістер комитетінің баспасөз қызметі хабарлады.
Алғашқы өтініш электронды үкімет порталы арқылы Жамбыл облысынан сағат 09:05-те берілген.
Сағат 21:00-дегі жағдай бойынша банкроттыққа барлығы 2 466 өтініш түскен. Ең көп өтінішті Түркістан облысының тұрғындары (289) берген. Алматыдан 238, Алматы облысынан 238 адам өзін банкрот деп жариялағысы келеді.
Сурет: Мемлекеттік кірістер комитеті
Еске салайық, Қазақстанда 2023 жылғы 3 наурызда жеке тұлғалардың банкроттығы бойынша өтініш қабылдау басталды. Қазақстандықтар арызды eGov.kz порталы мен eGov Mobile, Salyq Azamat қосымшаларында не Халыққа қызмет көрсету орталығының жақын жердегі бөлімшесі арқылы қағаз түрінде бере алады.
Банкроттыққа арызды банкрот болып танылуға ниетті адамның өзі ғана беруі керек.
Арызды берер алдында мынадай мәліметтерді тексеру қажет:
- банктер, микроқаржы ұйымдары, коллекторлық агенттіктер алдындағы берешек 5,5 млн. теңгеден аспауы және кешіктіру мерзімі 12 айдан кем болмауы керек (mkb.kz);
- мүлікке, оның ішінде ортақ меншіктегі мүлікке меншік құқығының болмауы (Egov.kz.);
- өз телефоныңыздың және жұбайыңыздың нөмірін мобильді азаматтар базасында (MАБ) тіркеу. Ұялы телефон нөмірін тіркеу үшін my.egov.kz сілтемесі бойынша өту керек.
- арызға кредитормен (екінші деңгейдегі банкпен немесе микроқаржы ұйымымен) қарызды реттеу туралы құжат қоса беріледі.