Газ баллон жабдығы орнатылған автокөліктердің 670-тен астам иесі жауапкершілікке тартылды
Газ баллон жабдықтарымен жарақтандырылған көлік құралдарын пайдалану және тұраққа қою саласындағы заңнама нормаларының сақталуын бақылауды қамтамасыз ету мақсатында Төтенше жағдайлар министрлігі Ішкі істер министрлігімен бірлесіп үш күндік "ГАЗБАЛЛОН" профилактикалық іс-шарасын өткізді.
Барлығы 600-ден астам рейд жүргізіліп, нәтижесінде 679 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
"Профилактикалық іс-шара барысында 10 мыңнан астам адамға, оның ішінде 6 мыңнан астам жүргізушіге түсіндіру жүргізілді. Жанармай құю бекеттерінде газ-баллон жабдықтын қауіпсіз пайдалану және оларға техникалық қызмет көрсету талаптары түсіндіріліп, сонымен қатар тұрмыстық газ баллондарын толтыруға жол бермеу жұмысы жүргізілді", - делінген ТЖМ хабарламасында.
"Еске салсақ, өрт қауіпсіздігі қағидаларына сай өзге мақсаттағы кіріктірілген және оларға жапсарлас салынған ғимараттарда, жер деңгейінен төмен орналасқан автотұрақтар мен жабық үлгідегі үй-жайлар мен паркингтерде газ баллон жабдығымен жарақтандырылған автомобильдердің тұрағына жол берілмейді", - деп қосты ҚР ТЖМ ресми өкілі Жанна Дәуренбекова.