"Отбасы банк" басшысы қаражатты балалардың біліміне жұмсауды ұсынды
"Бұл екі мақсат біздің өскелең ұрпаққа осында өз отбасын құруға, ең үлкен екі жаһандық мәселені шешуге – өзін және отбасын жеке баспанамен қамтамасыз етуге немесе жақсы, бәсекеге қабілетті білім алуға көмектеседі деп үміттенеміз", – деді ол.
ҚР қаржы вице-министрі Дәурен Темірбеков өз кезегінде жобаға кәмелетке толмаған балалардың бәрі қатыса алатынын айтты. Бұдан бөлек қазір 17 жасқа толғандар бір реттік төлем ала алады, ол қаражат 2024 жылғы 1 қаңтарда бөлінеді. Олар бұл ақшаны 18 жасқа толғанда қолдана алады, екі мақсатқа жұмсай алады.
Сурет: Zakon.kz
Алайда ол нақты қанша сома бөлінетінін айтқан жоқ. Оның мөлшері, вице-министрдің сөзінше, Ұлттық қордың инвестициялық кірістілігіне және бала санына байланысты. Айта кетерлігі, бүгінде Қазақстанда 18 жасқа толмаған балалар саны 7 миллионға жуық болса, 2024 жылдың 1 қаңтарына дейін 18 жасқа толатын балалардың саны 250 мыңға жетпек.
"Біз бұл ақпаратты 1 қаңтарда жариялаймыз. Төлемдер автоматты түрде жүргізіледі: 18 жасқа дейінгі барлық балаға бірдей сома бөлінеді", – деді спикер.
"БЖЗҚ" АҚ басқарушы директоры Мұрат Шәріпов ешқандай құжат жинаудың қажеті жоқ екенін айтты.
"Бұл жобаға кәмелетке толмаған барлық бала 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап автоматты түрде қатысады. Ешқайда барудың қажеті жоқ. Барлық жұмыс Әділет министрлігінің деректер базасымен интеграциялау аясында автоматты түрде іске асырылады", – деп атап өтті Мұрат Шәріпов.
"Отбасы банк" басшысы жоба опциясын өз отбасын мысалға келтіре отырып түсіндіріп берді.
"Отбасымды мысалға келтіре отырып айтып берейін. Менің үш балам бар. Үлкен ұлым 1994 жылы дүниеге келген. Ол 30-ға келеді, бұл бағдарламаға қатыспайды. 2000 жылы туған қызым да қатыспайды. Кіші ұлым 2007 жылғы. БЖЗҚ-да оның атына шот ашылады, бірақ ол 2023 жылы 17 жаста болады. Бұл оған қол жетімді болмайды. Алайда 2024 жылы ол өзіне ыңғайлы сервисті таңдап, аталмыш қаражатты екінші деңгейлі банкке, "Отбасы банкіне" аудара алады не бөліп төлеу мүмкіндігіне жүгіне алады. Онда электронды цифрлық қолтаңба арқылы өтініш береді. 2006 жылы туған балалардан айырмашылығы, олар екі жылғы жинақ ақшаға қол жеткізе алады", – деді Ләззат Ибрагимова.
Төрайым 2023 жылы туған немересі бар екенін және ол 2041 жылы 19 қаңтарда 18 жасқа толғанда БЖЗҚ-да 18 жыл бойы жиналған ақшасын алатынын айтты. Оның айтуынша, ең көп сомаға 2023 жылдан бастап туылған балалар қол жеткізе алады.
"Арнайы ағымдағы шот тек осы мақсаттарға – білім алуға немесе тұрғын үй сатып алуға ашылады", – дейді Ләззат Ибрагимова.
Ол сондай-ақ бұл жинақтарды жақын туыстарына аудару мәселесінде икемді болуды ұсынды.
"Зейнетақы төлемдерімен жұмыс істеуде мол тәжірибе жинағандықтан, азаматтарға икемді болуды ұсынамыз. Мысалы, бір отбасында төрт бала болса, үлкені грант алса, неге бұл ақшаны мысалы, інісіне не болмаса ата-анасына "Отбасы банкке" депозит ретінде немесе алғашқы жарна ретінде, болмаса туған бауырына білім депозиті ретінде аударуға рұқсат етпеске. Біз осындай ережелер ұсынып отырмыз және бұл ұсынысымыз қолдау табады деп үміттенеміз", - деп түйіндеді сөзін "Отбасы банк" басшысы.
26 қазанда Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында ҚР қаржы вице-министрі Дәурен Темірбеков "Ұлттық қор – балаларға" жобасы бойынша алғашқы төлемдер қашан түсетінін айтты.