Жаңалықтар тізбегі
0

Кеншілердің 55 жаста зейнетке шығуы: депутаттар түзетулерді қолдады

Кеншілердің 55 жаста зейнетке шығуы: депутаттар түзетулерді қолдады, сурет - Zakon.kz жаңалық 15.11.2023 12:42 Сурет: rawpixel
Қазақстан парламенті мәжілісінің 15 қарашадағы жалпы отырысында депутаттар қоғамдық бірлестіктердің мәселелері бойынша түзетулерді қабылдады. Бұл заң жобасы кеншілерге 55 жаста зейнетке шығуға мүмкіндік беретін арнайы әлеуметтік төлемді енгізуді көздейді, деп хабарлайды Zakon.kz.

"Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қоғамдық бірлестіктер мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Заңының жобасы 8 қарашада мәжілістің жалпы отырысында бірінші оқылымда мақұлданды. Заң жобасы халықаралық стандарттарға сай азаматтардың бірлестік құру бостандығын қамтамасыз етуге бағытталды.

Депутат Нартай Сәрсенғалиев түсіндіргендей, мемлекет басшысының 2023 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауындағы тапсырмаларды орындау үшін, заң жобасымен жұмыс істеу барысында 30 қазан күні Үкімет тарапынан еңбек жағдайлары зиянды жұмыстармен байланысты адамдарды әлеуметтік қорғауға бағытталған бірқатар түзетулер енгізу ұсынылды.

Ол нормалар жұмыс тобының барысында айтарлықтай өзгертілді. Нәтижесінде депутаттар заң жобасына мынадай түзетулер енгізіп, келесідей модель қалыптасты:

Біріншіден, Әлеуметтік кодекске еңбек жағдайлары зиянды жұмыстармен байланысты адамдарға арнайы әлеуметтік төлем енгізу жөніндегі нормалар енгізілді. Бұл төлем қызметкер 55 жасқа толған болса, кемінде 7 жыл міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары төленген болса және азамат зиянды жұмыстардағы қызметін тоқтатқан кезде төленеді. Әлеуметтік төлем мынадай негізгі бағыттардан құралады:

1. республикалық бюджеттен берілетін арнаулы кәсіптік мемлекеттік жәрдемақы, көлемі 2 ең төменгі күнкөріс деңгейі мөлшерінде;

2. жұмыс берушінің қаражаты есебінен кәсіби төлем, көлемі 1 ең төменгі күнкөріс деңгейі мөлшерінде;

3. сақтандыру ұйымдарынан зейнетақы алдындағы аннуитет шарты бойынша жасалатын төлем, көлемі 1 ең төменгі күнкөріс деңгейі мөлшерінде;

4. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен жасалатын төлем.

"Қосымша, зиян жұмыста істейтін азамат міндетті зейнетақы жарналары есебінен зейнетақы жинақтарын 55 жаста ала ма, әлде 63 жаста ала ма өз бетінше анықтауға құқылы. Маңызды мәселе, еңбек жағдайлары зиянды жұмыстармен байланысты азамат арнайы әлеуметтік төлем алып зиянды жұмыстан кетемін дей ме, әлде әрі қарай қызмет ете беремін дей ме өзі шешеді. Еңбек кодексіне тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Бұған қоса, азаматты қызметтік міндеттерін орындау кезіндегі жазатайым оқиғалардан қорғау үшін, міндетті сақтандыру жүйесін жетілдіру жөніндегі нормалар ұсынылды", - деп түсіндірді мәжіліс депутаты Нартай Сәрсенғалиев.

Негізгі мәселе мынау:

  • 1. Адам денсаулығына зияны бар өндірісті жүзеге асыратын компания сақтандыру компаниясына белгілі бір мөлшерде төлем жасайды. Сақтандыру компаниясы сол қаржының 6 пайызын жұмыс берушіге қайтаруы тиіс. Ол қаражат қызметкерлердің еңбек жағдайын жақсартуға жұмсалады.
  • 2. сақтандыру ұйымдары жұмыс беруші төлеген қаржының 6%-ын оңалту шараларына жұмсауы тиіс;
  • 3. сақтандыру ұйымдары еңбек жағдайында зардап шеккен қызметкердің шипажайдағы емін төлеуі тиіс. Ол 100 АЕК-тен аспауы керек.
  • 4. жазатайым оқиға салдарынан жарақат алған қызметкердің кінәсі, сақтандыру төлемін төлейтін кезде қарастырылмайды. Бұл өте маңызды норма.

Сонымен қатар өндірісте зардап шеккен адамдардың жекелеген санаттарын әлеуметтік қолдау бойынша нормалар ұсынылды. ҚР президенті Қ.Ж. Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында айтылған тапсырмасын орындау үшін Қазақстан Республикасы Үкіметіне айлық жалақының ең төменгі мөлшерін айқындау жөніндегі әдістемені әзірлеуге құзырет берілді.

Заң жобасының ауқымы кеңейгенін ескеріп депутаттар заң жобасының тақырыбын "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қоғамдық бірлестіктер және еңбек жағдайлары зиянды жұмыстарда істейтін адамдарды әлеуметтік қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" деп өзгерту жөнінде ұсыныс енгізді.

"Атап айтылған шешімдерді ескере отырып, "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қоғамдық бірлестіктер және еңбек жағдайлары зиянды жұмыстарда істейтін адамдарды әлеуметтік қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Заңды қабылдауды және оны Қазақстан Республикасы Парламентінің Сенатына жіберу үшін қолдауларыңызды сұраймын", - делінген депутат баяндамасында.

Сонымен қатар ол жұмыс тобында айтылған қосымша мұқият талқылауды талап ететін ұсыныстарға тоқталды.

"Еңбек қауіпсіздігі бойынша депутаттар басқа да заңдарға тиісті өзгерістер ұсынып жатыр. Ол жұмыстағы қауіпсіздікті арттыруға, еңбек шарттарының толық сақталуына, жұмыс берушілердің жауапкершілігін арттыруға бағытталған. Бұған қоса, мемлекеттік еңбек инспекциясына зиянды жұмыс орнындағы азаматтардың құқықтары мен еңбек қауіпсіздігінің қаншалықты сақталғанын тексеруге құзырет беру қарастырылуда. Осы орайда, мемлекеттік еңбек инспекциясын әкімдіктерден Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне беру туралы да бастамасы бар депутаттардың. Бұдан бөлек, Еңбек гигиенасы мен кәсіби аурулар институтына дербес статус беріп, өндірістік қауіпсіздік жөніндегі ұлттық орталықты қайта жаңғырту мәселелері де күн тәртібінде тұр".Нартай Сәрсенғалиев
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Бөлісу
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Жаңалықтар трендінде болыңыз!
Хабарландыруларды қосыңыз және алдымен расталған жаңалықтарды алыңыз.

Браузерде хабарландыруларды кез келген уақытта өшіруге болады

Біздің хабарландыруға жазылыңыз!
Хабарландыру қосу үшін қоңырау белгісін басыңыз
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: