4,69-дан 469-ға дейін. Теңге 30 жылды қалай өткізді
Ал теңге 1993 жылдан бері ешқандай
реформа жасалмаған, номиналы өзгермеген валюта. Қазір осыны дұрыстап
түсіндіріп беремін.
Теңге шынымен де 30 жылдық ғұмырында таза статистикалық тұрғыдан долларға шаққанда 100 есе құнсызданды. Алайда доллардың өзі осы уақыт аралығында өз құнын екі есе жоғалтқан. 1993 жылы АҚШ-та 50 доллар тұрған дүние қазір 100 долларға бағаланады. Сондықтан әділетті қаржылық есеппен теңге долларға шаққанда 100 емес, 50 есе құнсызданды деп есептеуіміз керек.
Теңгенің қасқа жолы
Теңге 1993 жылы 15 қарашада Президент жарлығымын айналысқа енгенде Ұлттық Банк оның долларға қатысты бағамын 4,69 деп бекітті. Бірақ тәуелсіздікті енді алып жатқан жас республиканың экономикасы гиперинфляциялық құбылыстарды бастан өткеріп жатқан болатын. Тауарлар мен азық-түлік тапшылығы, жұмыссыздық, кәсіпорындардың жабыла бастауы – осының бәрі орасан қымбатшылыққа алып келді. Рубльден басталған инфляциялық процестер ұлттық валютаны да шарпыды. 1994 жылдың басында доллар 50 теңгеге дейін, ал 1998 жылы 83 теңгеге дейін жетті.
Ал біз көрген нағыз бірінші девальвация 1999 жылы болды. Доллар бағамы 80 теңгеден 120 теңгеге дейін өсті. 2000 жылы теңге одан әрі әлсіреп, 140 теңгеге жетті. Осы уақытта Азия елдері алапат қаржылық кризиске ұшырап жатқан еді. Сол жылдары мұнай бағасы құлдырап, ол біздің теңгеге де қысым көрсетті.
2008 жылы әлемге АҚШ-тағы ипотека нарығының банкроттығынан бастау алған қаржылық кризис келді. Қазақстанға да оңай болған жоқ. Инвесторлар жаппай елден кете бастады. Мұнай бағасы тағы да құлдырап кеткеннен кейін, 2009 жылы доллар бағамы 120 теңгеден 150 теңгеге дейін өсті.
2014 жылы көршілес елдердегі геосаяси жағдайға байланысты біз тағы бір девальвация көрдік. АҚШ, Еуроодақ, Австралия, Жаңа Зеландия мен Канада Ресейге қарсы санкцияларды енгізгенде, мұнай бағасы кезекті рет құбылып, біздің теңгеге қауіп төнді. Бір түнде ұлттық валюта долларына 154 теңгеден 185 теңгеге дейін әлсіреді.
2015 жылы еліміз инфляциялық таргеттеу мен теңгенің еркін нарықтық бағамына негізделген жаңа ақша-несие саясатын жариялады. Шешім тұрақты экономикалық өсуге қол жеткізу, халықты жұмыспен қамтуды арттыру, төмен инфляция деңгейін ұстап тұру және қазақстандықтардың әл-ауқатын жақсарту мақсатында қабылданды. Теңге бағамы бірден 188,4 теңгеден 255,3 теңгеге дейін құлдырады, ал 2016 жылдың басына қарай айырбас бағамы бір доллар үшін 366,5 теңге болды.
2020 жылы бізге Ковид пандемиясы келді. Сол жылы наурыз айында бір доллар 382 теңгеге дейін қымбаттады. Пандемия мұнай бағасын 0-ге дейін түсіргенде теңге долларға шаққанда 400-ге, ал 2021 жылы 420-ға дейін әлсіреді.
2022 жылдың ақпанында басталған геосаяси жағдайлар аясында Батыс Ресейге бұрын-соңды болмаған санкция салғанын көрдік. Теңге де бұл шиеленістен аман қала алмады. Санкциядан кейін бірер күнде доллар бағамы 430 теңгеден 512 теңгеге дейін жетті. Одан кейін ұлттық валюта құны айтарлықтай орнығып, 2023 жылдың аяғында 461 деңгейін көрсетті.
Көрші елдер не істеді?
Мысалы, Ресей рублі 1998 жылы деноминацияны бастан кешірді. Олар мың рубльді бір рубль қылып жаңартты. Егер деноминация болмағанда, бір доллар 91 000 рубль болар еді. 1993 жылы доллар бағамы 288 рубль болып бекітілген болатын. Егер деноминацияны есепке алсақ, бұл 0,28 рубль деп саналады. Сонда 30 жылда рубльдің долларға шаққанда 325 есе құнсызданғанын көреміз.
Беларусь рублі 1993 жылдан бері 100 мың есеге құнсызданған. Минск өз валютасын үш рет деноминациялады. 1994 жылы 1:10, 2000 жылы 1:1 000, 2016 жылы 1:10 000 пропорциясымен рубльді жаңартуға мәжбүр болды.
Украина тәуелсіздік алғаннан кейін купон деген валютаға көшті. Артынан 1996 жылы ақша реформасын өткізіп, гривнаны енгізді. Оны есепке алмасақ, Украина валютасының 30 жыл ішінде 20 мың есе құнсызданғанын есептеп шығаруға болады.
Теңге – ешбір деноминацияға ұшырамай, 1993 жылдан бері өз келбетін сақтап, тұрақтылығын жоғалтпай келеді. Қазір оны деноминациялауға еш негіз жоқ. Себебі, теңге нарықтық валютаға айналды. Оның ендігі бағамын тек биржада сыртқы сауда балансы, оның ішінде мұнай бағасы шешеді. Инвесторлар мен халық арасында ұлттық валютаға деген сенім қалыптасып барады.
Ұзақмерзімді жағдайда теңгенің күші біздің ішкі өндірісімізге тікелей қатысты болады. Яғни, болашақта қазір алып отырған импортымыздың кем дегенде 70 пайызын өзіміз өндіруіміз тиіс. Әсіресе күрделі, қосымша құны жоғары тауарлар жасай бастамасақ, экономиканы тұрақтандыру мүмкін емес. Әлсіз валюта әлсіз экономикадан туады. Сондықтан экономикамызды әртараптандырып, күшейткенде ғана мығым, тұрақты теңгеге қол жеткізе аламыз.