Тұрғындар Үлкен Алматы көліне дейін 30 мың теңге деген талапқа наразы
Ер адам "Бұл заңды ма?" деп сұрады.
"Оқиға Алма-Арасанда болып жатыр. "ҚазАвтоЖол" қызметкерлері жол нашар деген сылтаумен адамдарды бөгеттің үстінен өткізбейді. Бірақ такси жүргізушілері ол жермен жүреді, сонда жаман жол жақсы болып кетеді. Үлкен Алматы көліне қызмет көлігімен 30 000 теңгеге баруға болады. Меніңше, бұл әділетті емес. Әсіресе халық үшін. Бұндай жағдайға тап болғандар бар ма? Жол жөнделіп жатыр ма деген сұраққа олар "жоқ" деп жауап берді", - делінген видеоға түсініктемеде.
"ҚазАвтоЖол" бұл видеоға қатысты пікір білдірді.
"Полицияның ұйғарымына сай "Алматы-Ғарыш станциясы" жолының 15-34 шақырымы учаскесінде көлік қозғалысына шектеу қойылды. Көліктің қозғалысына шектеу терең сайлар мен жолдың тарылуы (таулы жер) ақауларының пайда болуына байланысты енгізілді", - делінген хабарламада.
Компанияның хабарлауынша, бұйрыққа сәйкес, Алматы қаласының Туризм басқармасының, Ұлттық парктің, жол органдарының, шекара заставасының, "Ғарыш станциясы" ғылыми базасының, метеорологиялық және гидрологиялық базалардың қызметін қоспағанда, жоғарыда аталған учаскеге көліктердің өтуіне тыйым салынады.
Жаяу жүргіншілер мен велосипедшілерге ешқандай шектеулер жоқ екені атап өтілді.
"Жол қызметі адамдарды ақылы түрде тасымалдайды деген ақпарат шындыққа жанаспайды", - деп сендірді "ҚазАвтоЖол".
Аталған жол учаскесін күтіп ұстауға жол қызметкерлері жауапты. Арнайы техниканың көмегімен олар тастың құлауы, қар көшкіні және тағы басқа зардаптарды алдын алып, жойып отырады.
Ұлттық компания осы саладағы патрульдік қызметті күшейтуге және арнайы рейд ұйымдастыруға көмектесу үшін полицияға жүгінбек.