Жаңалықтар тізбегі
0

Банк лицензиясынан айыру: егер салымшылар мерзімді өткізіп алса, төлем алуға өтініш бере ала ма

Тенге, деньги, Казахстан, коррупция, сурет - Zakon.kz жаңалық 18.10.2024 14:50 Фото: Zakon.kz
Қазақстандық депозиттерге кепілдік беру қоры 2024 жылғы 18 қазанда лицензиясынан айырылған банк, салымшыларына қатысты маңызды ақпаратпен бөлісті, деп хабарлайды Zakon.kz.

Қазақстанда егер банк лицензиясынан айырылса, оның салымшылары – жеке тұлғалар, олардың ішінде төлем карточкасы барлар заң бойынша Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорынан (ҚДКБҚ) өтем ала алады. Төлем мерзімі – бір жыл. Ал егер салымшылар оны өткізіп алса, банкте қалған ақшаларының тағдыры не болады — ҚДКБҚ түсіндірді.

"Таратылып жатқан тоғыз банктің салымшылары әлі де өтем алуға жүгіне алады",- деп мәлімдеді ҚДКБҚ.

Егер төлем мерзімі аяқталса, талап етілмеген салымдардың тағдыры не болмақ?

Егер банк лицензиясынан айырылса, ҚДКБҚ 35 жұмыс күні ішінде салымшыларға өтем ақшаларын қайтарады. Төлем агент банктер арқылы жүргізіледі және бір жылға созылады. ҚДКБҚ таңдаған агент банк – яғни, қазіргі жұмыс істеп тұрған екінші деңгейдегі банктердің бірі осы мерзім ішінде Қор атынан және Қордың есебінен салымшыларға өтем төлейді.

Қазіргі уақытта елімізде екінші деңгейдегі тоғыз банкте тарату үдерісі жүргізіліп жатыр. Олардың ішінде Tengri Bank, Capital Bank Kazakhstan, Asia Credit Bank, Астана Банкі секілді банктер бар. Олардың салымшыларына өтем төлеу мерзімі аяқталған, ал салымшылардың алмаған ақшаларын Қор 2022 жылдың мамыр айынан бастап, олардың Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында (БЖЗҚ) ашылған, ерікті зейнетақы жарналарын қабылдауға арналған жеке зейнетақы шоттарына аударған. Алайда егер салымшылар төлем мерзімін дәлелді себептермен өткізіп алса, Қорға өтініш бере алады және растаушы құжаттарын қоса тапсырады. Ал Қор БЖЗҚ-ға аударылған ақшаны қайтарып, салымшының өтінішінде көрсеткен банк шотына аударады.

Салымшылардың өтем төлеу мерзімін өткізіп алу себептерінің бірі – жинақ ақшаларының аздығы. Яғни, өтінішке қарай, олар азын-аулақ ақшаларын алуға асықпайды. Ақшалары болса шотта жылдап жата береді. Сондықтан талап етілмеген өтем сомаларын БЖЗҚ-ға аудару туралы шешім – салымшылар үшін де тиімді болып отыр. Сонымен қатар бұл ақшаларға салық салынбайды. Сондай-ақ жинақ ақшалар зейнетақы жарналары секілді инвестицияланады және оларға күнделікті инвестициялық табыс есептеліп отырады.

Атап өту керек, егер БЖЗҚ-да салымшының ерікті зейнетақы жарналарын есепке алуға арналған жеке зейнетақы шоты жоқ болса, ол автоматты түрде ашылады.

Тағы бір айта кететін жайт, салымшының жеке сәйкестендіру нөмірі және басқа да сәйкестендіру деректері оның БЖЗҚ базасындағы осындай деректерімен сәйкес келсе ғана талап етпеген өтем ақшасы БЖЗҚ-ға аударылады. Егер сәйкес келмесе, зейнетақы қоры оны қабылдаудан бас тартады.

Сонымен өтем төлеу мерзімі аяқталған соң, оны қалай алуға болады?

Егер өтем төлеу мерзімі дәлелді себептерге байланысты өткізіп алынған болса, оны алуға мүмкіндік бар. Ал салымшы үшін дәлелді себептерге мына мән-жайлар жатады:

  • төлем мерзімі барысында салымшының әскери қызметке кіруі;
  • Қазақстан Республикасының аумағынан тыс жерде болу;
  • депозитордың мұрасын қабылдау және мұраны иемденуге немесе ашуға байланысты өзге де себептер;
  • бас бостандығынан айыру орындарында болу;
  • егер төлем мерзімі басқа себептерге байланысты өткізіп алынған болса, азаматтық сот растайтын өзге де мән-жайлар.

Атап өту керек, жоғарыда аталған әрбір мән-жай тиісті құжаттармен расталуы тиіс.

Дәлел ретінде қандай құжаттарды дайындап, тапсыру керек? Анықтап көрелік.

  • Әскери қызметке орналасу – төлем мерзімі барысында ҚР Қорғаныс министрлігінің әскери басқарма органдары берген, әскери есепке алу құжаттары немесе әскери борышты өтегендігін растайтын растаушы мәліметтер;
  • Қазақстан Республикасының аумағынан тыс жерде болу – төлем мерзімі барысында шекарадан өткені туралы белгі соғылған төлқұжат және (немесе) төлем мерзімі барысында шетелде болғандығын растайтын өзге де құжаттар;
  • Егер өтініш беруші төлем мерзімі барысында салымшының мұрасын қабылдаған жағдайда немесе мұраны қабылдау не болмаса ашуға қатысты өзге де себептері бар болса – салымшының қайтыс болғаны туралы куәлік, заң/өсиетнама бойынша Мұраға құқық туралы куәлік және (немесе) мұраны ашу немесе қабылдауды растаушы, оның ішінде сот актілері бар өзге де құжаттар;
  • Бас бостандығынан айыру орындарында болған жағдайда – заңды күшіне енген сот шешімі және бас бостандығынан айыру орнында жазасын өтегені туралы құжат;
  • Сот анықтаған өзге де мән-жайлар – өтем төлеу мерзімі барысында салымшының кепілдік берілген өтемді алуға өтініш беруіне кедергі келтірген мән-жайларды қамтитын және заңды күшіне енген сот шешімі. Мұндай шешімді алу үшін салымшы ең алдымен төлем мерзімі барысында оған кепілдік берілген өтемді алу үшін жүгінуге кедергі келтірген қандай да бір деректі айқындауды талап етіп, сотқа жүгінуі тиіс.

Дәлелді себептер бойынша толтырылатын өтініштің арнайы нысаны ҚДКБҚ сайтында орналастырылған. Оны қағазға түсіріп, өз қолымен толтырып, дәлелді себептерін растайтын құжаттармен бірге мына мекенжайлар бойынша тікелей келіп, Қордың қызметкеріне тапсыруы қажет:

  • Алматы қ., Әйтеке би көшесі, 67;
  • Астана қ., М. Ғабдуллин көшесі, 18.

Құжаттарды Қордың Алматы мен Астанадағы мекенжайларына пошта арқылы да жолдауға болады. Бірақ бұл жағдайда өтінішіндегі қолы нотариус арқылы куәландырылуы қажет.

"Өтем ақшаны алуға (дәлелді себептер бар болса) салымшының өзі ғана емес, оның заңды өкілдері, мұрагерлері және өтем алу құқығына ие өзге де тұлғалар өтініш бере алады".ҚДКБҚ баспасөз қызметі

Кепілді өтемді төлеуге байланысты кез келген сұрақтар бойынша ҚДКБҚ байланыс орталығының 1460 тегін нөміріне хабарласуға болады немесе сауалдарды info@kdif.kz поштасына немесе @kdif_ask Тelegram-чатына жолдауға мүмкіндік бар.

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Бөлісу
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Жаңалықтар трендінде болыңыз!
Хабарландыруларды қосыңыз және алдымен расталған жаңалықтарды алыңыз.

Браузерде хабарландыруларды кез келген уақытта өшіруге болады

Біздің хабарландыруға жазылыңыз!
Хабарландыру қосу үшін қоңырау белгісін басыңыз
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: