Ипотекалық қарыздарды қайта қаржыландыру бағдарламасына қатысты ҚНРДА мәлімдеме жасады

Ведомство әлеуметтік желіде ықтимал қаржылық бұзушылық туралы ақпарат тарап жатқанын ескертті.
"Осыған байланысты әлеуметтік желілерде ықтимал қаржылық бұзушылықтар, атап айтқанда, Бағдарламаны іске асыру кезінде қаражатты жымқыру туралы таратылған ақпарат шындыққа сәйкес келмейді. Агенттік ресми ақпарат көздеріне сенуге кеңес береді және бұдан әрі жалған ақпарат таратылған жағдайда, сотқа жүгіну құқығын қолданады", делінген хабарламада.
Агенттік қаржы дағдарысының салдарын жеңілдету мақсатында өздерінің 2015 жылдан бері қарыз алушылардың баспанасын сақтауға және борыш жүктемесін едәуір төмендетуге бағытталған Ипотекалық қарыздарды қайта қаржыландыру бағдарламасын (бұдан әрі – Бағдарлама) іске асырып жатқанын нақтылайды.
Бағдарламаны іске асырудың арқасында мемлекеттің проблемалық ипотекалық қарыздарды жылына 3%-дан аспайтын жеңілдетілген мөлшерлемемен қайта қаржыландырудағы жалпы сомасы 318,2 млрд теңге болатын көмегі 48,4 мың адамға берілді, шетел валютасындағы қарыздар Ұлттық Банктің 2015 жылғы 18 тамыздағы бағамымен (бір АҚШ доллары үшін 188,35 теңге) конвертацияланды. Бұл ретте банктер 248,3 млрд теңге сомаға сыйақы, айыпақы (өсімпұл, айыппұл) бойынша берешекті есептен шығарды.
Бағдарлама шеңберінде халықтың әлеуметтік осал топтарын қорғауды күшейту мақсатында борыш жүктемесін азайту, сондай-ақ банктердің балансындағы жалғыз баспананы меншікке қайтару түрінде қосымша қолдау шаралары іске асырылды. Мемлекеттің көмегін 10,6 мың қарыз алушы алды.
"Бағдарламаны іске асырумен қатар агенттік ипотекалық қарыз алушылардың құқықтарын қорғауға бағытталған заңнамалық түзетулер әзірлеп, қабылдады. Бағдарламаны және Агенттіктің заңнамалық бастамаларын іске асыру нәтижесінде проблемалық ипотекалық қарыздардың үлесі 0,7%-ға дейін төмендеді. Мемлекет қаражатының мақсатты пайдаланылуын бақылауды қамтамасыз ету мақсатында банктер ай сайын есептер беруге міндетті. Бұдан басқа, бағдарламаны іске асырудың ашықтығын қамтамасыз ету үшін еліміздің барлық өңірінде Ипотекалық қарыз алушылардың шағымдарын қарау жөніндегі комиссиялар жұмыс істейді. Олардың құрамына ипотекалық қарыз алушылардың мүдделерін білдіретін қоғамдық бірлестіктердің, Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығының, Агенттіктің, жергілікті атқарушы органдардың өкілдері кірді", - дейді ҚНРДА баспасөз қызметі.
Бұған дейін шетелдік көздерден ақша алып отырған қазақстандықтардың тізімі жарияланатыны хабарланған.