Алтынға ақша салар сәт туды. Қымбат металлдың құны саяси шиеленістерге қарамастан өсуін жалғастыруда

2020 жылдың басынан бері алтынның құны екі еседен астамға өсті, ал америкалық қор индексі небәрі 86% өсім көрсетті.
Қытай тарапынан рекордтық сұраныс пен алдыңғы қатарлы әлемдік реттеушілердің ақша-несие саясатын жұмсартуға қатысты күтулер аясында алтын инвесторлар үшін сенімді "тыныш өсім" ретінде өз мәртебесін тағы да растады, деп есептейді экономист Руслан Султанов. Қазіргі тарихи өсім мен қор нарығынан озып кетуі жаһандық инвестициялық артықшылықтардағы терең өзгерісті көрсетеді.
"Алтын енді тек қорғаныш активі ретінде қарастырылмайды. Ол орталық банктер, ірі институционалдық ойыншылар мен жеке инвесторлар үшін долларлық жүйеге деген сенімсіздік қалыптастырып жатыр", – дейді Руслан Султанов.
Қымбат металдың құнының өсуіне қосымша серпін берген – АҚШ Федералдық резервінің басшысы Джером Пауэллдің сауда соғыстарының макроэкономикалық мақсаттарға кері әсері жайлы мәлімдемесі болды. Сонымен қатар, президент Трамптың маңызды минералдық ресурстар, жартылай өткізгіш өнімдер және фармацевтикалық тауарлар импортына қатысты тергеу жүргізу туралы бұйрығы елдер арасындағы жаңа сауда текетіресі кезеңіне байланысты алаңдаушылықты күшейтті. Бұл дәстүрлі түрде қорғаныш активтеріне сұранысты арттырады.
Saxo Bank-тің шикізат нарығындағы стратегиялар бөлімінің жетекшісі Оле Хансеннің айтуынша, "Трамп бастаған сауда соғысы бәсеңдейтін түрі жоқ, бұл капиталдың акциялардан сенімді құралдарға ауысуын тудыруда".
Алтын тағы қаншалықты қымбаттайды?
Инвестициялық компаниялардың талдау бөлімдері нақты болжам айтуда қиналып отыр. Атап айтқанда, Goldman Sachs жуырда 2025 жылдың соңына арналған болжамын бір унция үшін 3300 доллардан 3700 долларға дейін қайта қарады. Банк сарапшылары 2026 жылдың ортасына қарай алтынның бағасы 4000 долларға дейін өсуі мүмкін екенін жоққа шығармайды. Ерекше назар аударарлығы – "экстремалды сценарийде" Goldman Sachs 2025 жылдың соңына қарай алтын бағасы 4500 долларға жетуі мүмкін екенін мәлімдеген.
"Бұл сценарийдің жүзеге асу ықтималдығы төмен, бірақ ол бағалардың сызықтық емес, күрт көтерілу мүмкіндігін көрсетеді." Goldman Sachs
Сонымен қатар, ресейлік экономист Евгений Марченко мұндай мәлімдемелерге абай болуға шақырады.
"Goldman Sachs алтын 4500 долларға дейін көтеріледі деп жазғанда – бұл болжам емес, бұл қармақ. Бұл – көпшілікке бағытталған типтік айла: айқайлы тақырып, эмоцияға әсер ету, ал 'экстремалды сценарийде' деген жазба жай ғана көзбояушылық. Халық тек цифрды көреді, осылайша ең қымбат бағамен сатып ала бастайды." Евгений Марченко
Қаржыгер Арсен Темірбаев алтын бағасының ұзақмерзімді перспективада өсу үрдісін жалғастыратынына сенімді, бірақ баға ауытқуының болмай қоймайтынын ескертеді.
"Алтынның 4000 долларға дейін және одан да жоғары қымбаттайтыны сөзсіз. 2025 жылдың соңына дейін бір унция үшін 3600 доллар – бұл өте нақты болжам". Арсен Темірбаев
2025 жылдың мамыр айына арналған алтын бағасының өзгеру болжамы
Алтын нарығына әсер ететін негізгі факторлар – сауда қайшылықтары, геосаяси шиеленістер және АҚШ долларының әлсіреуі – сақталған жағдайда, сарапшылар 2025 жылдың мамырына қарай жағдайдың дамуында екі негізгі сценарийді атап көрсетеді.
Негізгі сценарий (мүмкіндігі 60–70%) – қазіргі баға деңгейінен (2025 жылғы сәуірде унциясы 3350–3400 доллар) 5–8% өсуі, яғни 2025 жылғы мамырға қарай 3500–3650 доллар аралығына жетуі.
Негізгі факторлар:
- Институционалды инвесторлардың активтерін алтынға қайта бөлу үдерісін жалғастыруы;
- Орталық банктердің, әсіресе Қытайдың, алтын қорларын көбейту үрдісін жалғастыруы.
Тәуекелді сценарий (мүмкіндігі 20–30%) – бағаның 3800–4000 доллар аралығына дейін өсуі, егер геосаяси қақтығыстар шиеленіссе (мысалы, АҚШ пен Иран арасында тікелей әскери қақтығыс орын алса) немесе доллар жүйесінде ауқымды дағдарыс туындаса.
"Алтын жаһандық белгісіздік жағдайында тұрақтылығын сақтап отыр. Барлық аналитиктердің болжамдары орта мерзімді перспективада 4000–4500 доллар деңгейіне жетуі мүмкін екенін жоққа шығармайды. Дегенмен, мен инвесторларды сақ болуға және ықтимал кірісті ғана емес, сонымен қатар оған байланысты тәуекелдерді де ескеруге шақырамын".Арсен Темірбаев
Бұған дейін Астана және Алматы айырбастау пункттеріндегі 21 сәуірдегі валюта бағамы хабарланған болатын.