"Үш-төрт банктен бірнеше несие ала береді". Сенаторлар құзырлы өкілден мұндайға қашан тоқтау болатынын сұрады

Сенаторлар жеке тұлға қазір үш-төрт банктен бірнеше несие ала беретіндігін алға тартты. Олар мұндайға қашан тоқтау болатынын сұрады.
"Бір мезгілде бірнеше микроқаржы ұйымдары мен банктерге өтініш беру (кредиттерге өтінімдер – ред.) қаржылық алаяқтықтың бір түрі ретінде жіктеледі. Біз бұл мәселені антифрод орталығы аясында шешкіміз келеді. Мұндай ақпараттар банктер мен МҚҰ-ларға ұсынылады", - деді Олжас Қизатов.
Сонымен қатар, Ұлттық Банк төрағасының орынбасары Берік Шолпанқұлов алаяқтық фактілерін азайту аясында қазір жасанды интеллект көмегімен жәбірленушілердің мінез-құлқы зерделеніп жатқанын айтты.
"Жыл соңына дейін азаматтар қоңырау барысында алаяқтарды танып, оларды бірден бұғаттай алуы үшін нақты алгоритмдер әзірленіп, бекітілетін болады. Бұл қауіпсіздік деңгейін айтарлықтай арттырады. Заң тұрғысында біз маңызды норманы ұсындық. Адам қатты психологиялық әсерге ұшырайды, оған алаяқпен сөйлесіп жатқанын айтса да ол бәрібір оған ақша аударып жатады. Енді Сенаттағы заң жобасына сәйкес, банктер күдікті болған жағдайда шотты бір тәулікке бұғаттауға және клиенттің туысын банкке шақыруға құқылы болады. Бұл оның куәгері жанында болғанда саналы түрде әрекет еткенін растау үшін жасалады", - деді ол.
Тұтастай алғанда, сенаторлар экономиканың нақты секторына кредит беруді ынталандыру жөніндегі шараларды ұсына отырып, жеке тұлғаларға кредит беру рәсімдерін қатаңдатуды жақтайды.
Бұған дейін Олжас Қизатов "Банктер және банк жүйесі туралы" заңға жаңадан енгізілетін түзетулер мен өзгерістерге кеңінен тоқталған болатын. Оның айтуынша, құжат банк секторының тұрақтылығын нығайтуға, инновацияларды дамытуға және экономиканың нақты секторын қаржыландырудағы банктердің рөлін арттыруға ықпал етуі тиіс.