Әскери қызметкердің несиесі бойынша міндеттемесін орындауды кейінге шегеруі жайлы не білеміз

Қағидаларға сәйкес, барлық қызмет ету мерзіміне және демобилизациядан кейін 60 күн ішінде пайыздар, айыппұлдар мен өсімпұлдар есептелмей төлем мерзімі кейінге қалдырылады.
"2025 жылдың басындағы деректерге сәйкес, мерзімді әскери қызметке шақырылған 22,4 мың қарыз алушының 20,1 мыңының қарыздары кейінге қалдырылды. Кейінге қалдырылған қарыздардың жалпы сомасы 7,5 млрд теңгені құрады", деп түсіндіреді Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі (ҚНРДА).
Төлем мерзімін кейінге қалдыру үшін не істеу керек?
Төлем мерзімін кейінге қалдыру өтінішсіз беріледі: шақыру туралы деректерді Қорғаныс министрлігі кредиттік бюроға, содан кейін банктер мен микроқаржы ұйымдарына жібереді. Банктер мен микроқаржы ұйымдары хабарламаны алған сәттен бастап күнтізбелік 15 күн ішінде төлем мерзімін кейінге қалдыруды ресімдеуге міндетті.
"Ақпараттандыру жазбаша және/немесе онлайн режимінде жеке қатысу қажеттілігінсіз немесе қосымша келісімдерге қол қоюсыз жүзеге асырылады.Шара негізгі борыш пен есептелетін сыйақыға қолданылады. Сондай-ақ, кейінге қалдыру кезеңінде айыппұлдар, өсімпұлдар есептеуге және өндіріп алу шараларын қолдануға тыйым салынады. Әскери бөлімнің тізімінен мерзімінен бұрын шығарылған жағдайда төлем мерзімін кейінге қалдыру тағы 60 күнге сақталады", - дейді агенттіктегілер.
Төлем мерзімін кейінге қалдырудан бас тартуды қаласа, қарыз алушы күнтізбелік 14 күн ішінде жазбаша хабарлама жіберуге міндетті; мұндай жағдайда кредитор кейінге қалдыруды қолдануды жояды.
Кредиторларға келетін болсақ, егер 30 күн ішінде шарттарды өзгерту туралы келісімге қол жеткізілмесе, бұл бас тарту ретінде бағаланады.
Егер кредит бойынша сот шешімі шығарылса, татуласу келісімі жасалса немесе атқарушылық жазба ресімделсе, төлем мерзімі кейінге қалдырылмайды. Төлем мерзімі автоматты түрде кейінгі қалдырылмаған жағдайда, әскери қызметші:
- қаржы ұйымына жазбаша өтініш жібере алады;
- Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне жүгіне алады.
2025 жылғы 9 сәуірде Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары қаржы нарығын дамыту және қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелері жөніндегі заң жобасын екінші оқылымда мақұлдады. Түзетулердің қатарында - әскери қызметшілерге мерзімді әскери қызмет өткеру кезеңінде қарыз беруге тыйым салуды енгізу.