Армандар орындалады: тіпті аз жалақымен де қомақты қаражат жинауға болады - қаржыгерлер кеңесі

Деньги, тенге, национальная валюта, национальная валюта РК, национальная валюта Казахстана , сурет - Zakon.kz жаңалық 24.09.2025 16:41 Фото: Zakon.kz/Максим Золотухин
Саяхатқа шығу немесе жаңа көлік алу туралы армандар кейде орындалмайтын қиялдай көрінуі мүмкін, әсіресе жалақы мардымсыз болғанда. Алайда мамандардың айтуынша, мәселе табыстың мөлшерінде емес, қаржылық тәртіп пен дұрыс әдеттерде. Zakon.kz аз табыспен де мақсатқа жету жолын зерделеп көрді.

Алтын ереже: алдымен өзіңізге төлеңіз

Қаржы кеңесшісі Анна Левочкина ұсынатын басты кеңестердің бірі – "алтын стандартты" сақтау: әр түскен табыстың кем дегенде 10%-ын жинаққа бөліп отыру. Бұл қағида табысыңыз қанша болса да жұмыс істейді.

Мысалы, айлығыңыз 200 000 теңге болса, одан 20 000 теңге жинаққа бөліңіз. Ең бастысы – бұл әрекетті басымдыққа айналдыру. Яғни, ақша түскен бойда алдымен жинаққа аударыңыз, тек содан кейін ғана қалған шығындарыңызды өтеңіз. Уақыт өте келе, мүмкіндігіңізге қарай бұл пайызды 15%-ға немесе 20%-ға дейін ұлғайтуға болады.

Автоматтандыру және жүйелілік

Жинақтауды ұмытып кете беретіндер үшін банктер ыңғайлы құралдар ұсынады. "Автокопилка" қызметі арқылы негізгі шоттан жинақ шотына автоматты түрде ақша аудару мүмкін. Бұл қызметті түскен қаражаттың белгілі бір пайызын немесе ай сайынғы нақты соманы аударуға ыңғайлап қоюға болады.

Сондай-ақ, банк тарапынан берілетін бонустар да жинақтауға көмектеседі. Кэшбэк, шоттағы қалдыққа пайыз және жинақ шоттарына қосылатын табыстарды да бірден жинаққа айналдыруға болады.

Тағы бір тиімді тәсіл – күн сайын аздап жинау. Күнде 100 немесе 500 теңгеден ғана салып отырсаңыз, бірталай қаржы жиналады. Егер бұл ақшаны банк депозитінде немесе басқа табыс әкелетін құралдарда сақтасаңыз, капитал одан да жылдам өседі.

Ал қаржы жинауды ойынға айналдырғысы келетіндер үшін қаржылық челлендждер бар. Мысалы, "365 күн" әдісі: әр күнде сол күннің реттік санына тең соманы жинайсыз. 1 қазанда – 100 теңге, 2 қазанда – 200 теңге, 31 қазанда – 3 100 теңге. Осылай әр айда қайталап отырсаңыз, 1 жылда 573 800 теңге жиналады!

Жинақтаудың табысты болу құпиясы – нақты жоспар

Бірінші қадам – нақты мақсат қою: не үшін ақша жинайсыз, қанша қажет және қашанға дейін. Бұл арманды нақты жоспарға айналдырады.

Сосын – "алдымен өзіңізге төлеңіз" деген қағиданы ұстаныңыз: жалақы алған күннің өзінде ең кемі 5-10% бөліп, бірден жинаққа салыңыз. Тіпті шағын сомалардың өзі уақыт өте келе қомақты қаржыға айналады.

Жинақтарды қолма-қол жұмсап қоймас үшін, қаржыны бөлек шотқа немесе бөлек жинаққа аударған дұрыс. Шығындарды бақылау үшін арнайы мобильді қосымшалар немесе Excel кестелерін қолданыңыз.

"Конверт әдісі" арқылы шығындарды категорияларға бөліп, бақылауға болады. Тек үнемдеу ғана емес, қосымша табыс көздерін де іздеңіз: қосымша жұмыс, қажетсіз заттарды сату және т.б.

Инвестор стратегиясы: Аман Алимбаевтың тәжірибесі

Қаржы кеңесшісі Аман Алимбаевтың айтуынша, оның өмірін түбегейлі өзгерткен қарапайым бір стратегия болған:

"Барлығы пәтер, көлік, Мысырға жолдама сатып алып жатқанда – мен тапқан табысымның бәрін сол табыс әкелген салаға қайта құйып отырдым. Бірде ұттым, бірде ұтылдым – бірақ бұл стратегия. Өте қарапайым", – дейді Алимбаев.

Оның кеңесі:

  • Табыстың 70%-ын қайта сол табыс тапқан салаға инвестициялаңыз.
  • Егер 70% тым көп болса – 50%-ын, ол да қиын болса – кем дегенде 10%-ын салыңыз.

Өз біліміңізге, кәсіби дағдыларыңызға инвестиция салыңыз. Бұл сізді сол салада жаңа деңгейге шығарып, көп әрі оңай табыс табуға көмектеседі.

"Кірісіңіз тұрақты бола бастағанда, басты сұрақ: "Қалай табамын?" емес, "Капитал маған қалай жұмыс істейді?" болуға тиіс", – дейді ол.

Жинақтарды қайда сақтау керек?

Жинаған ақшаңызды орынсыз жұмсап қоймас үшін, оны сенімді жолмен сақтаңыз. Мамандар мынадай тәсілдерді ұсынады:

  • Мерзімінен бұрын шешуге болмайтын депозиттер. Ерте шешсеңіз, пайыздан айырылып қаласыз.
  • Шетел валютасы – доллар мен еуродан бөлек, юань, гонконг доллары секілді басқа да нұсқалар бар.
  • Сенімді адамда сақтау, мысалы, жақын туыс.

Ақша жинау – сиқыр емес, тәртіп пен жүйелілік. Кішкентай қадамдармен бастасаңыз да, арманыңызға жетуге жол ашылады. Ең бастысы – нақты мақсат қойып, жоспармен әрекет ету және табысыңызға сай қаржылық әдеттер қалыптастыру.

Бұған дейін Қазақстанда доллар бағамы неге күрт өскенін жазғанбыз.

Мақаламен бөлісу
Мақаламен бөлісу:
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: