Қазақстан мен ОПЕК қаржы саласындағы ынтымақтастықты күшейтуде

Деньги, тенге, национальная валюта, национальная валюта РК, национальная валюта Казахстана , сурет - Zakon.kz жаңалық 29.01.2026 13:18 Фото: Zakon.kz/Максим Золотухин
2026 жылғы 29 қаңтарда Сенат депутаттары Қазақстан Республикасы Үкіметі мен ОПЕК Халықаралық даму қоры арасындағы жекеменшік секторда операциялар жүргізу туралы келісімді ратификациялады, деп хабарлайды Zakon.kz тілшісі.

Сенатор Зәкіржан Күзиевтің айтуынша, бұл келісім қаржылық ынтымақтастықты ынталандыруға және елдің орнықты экономикалық дамуын қамтамасыз етуге бағытталған.

"Құжат қордың қарыздары, кепілдіктері және өзге де қаржылық құралдарын тарту үшін тұрақты әрі ашық негіз қалыптастырады. ОПЕК Халықаралық даму қорымен ынтымақтастық мемлекеттік саясаттың басым бағыттарына, соның ішінде шағын және орта бизнесті дамытуға, кәсіпкерлердің ұзақ мерзімді қаржы ресурстарына қолжетімділігін кеңейтуге толық сәйкес келеді. Қор ресурстарын пайдалану мемлекеттік бюджетке түсетін жүктемені арттырмай-ақ сыртқы қаржыландырудың қосымша көздерін тартуға мүмкіндік береді", – деді депутат.

Оның сөзінше, қаржыландыруды қаржы институттары арқылы бағыттау шағын және орта бизнесті несиелеуді кеңейтуге, қарыз беру мерзімдерін ұзартуға және экономиканың басым салаларындағы инвестициялық белсенділікті арттыруға жағдай жасайды. Рамалық келісім өзара іс-қимылдың түсінікті әрі ашық ережелерін көздейді, ал қаржыландырылатын жобалар бойынша ұстанымды қалыптастыру құқығы Қазақстан Үкіметінде сақталады. Бұл қор қызметін ұлттық әлеуметтік-экономикалық басымдықтармен үйлестіруге мүмкіндік береді.

Қаржыландыру мерзімдері бәсекеге қабілетті және бизнес қажеттіліктеріне сай:

  • 1 жылдан 5 жылға дейін – қаржылық құралдар бойынша;
  • 7 жылға дейін – корпоративтік қарыз алушылар үшін;
  • 20 жылға дейін – инфрақұрылымдық жобалар үшін. Бұл ұзақ мерзімді инвестициялық бастамаларды іске асыруда ерекше маңызды.

АҚШ долларымен берілетін қарыздар бойынша шамаланған пайыздық мөлшерлемелер жылына базалық мөлшерлемеден 2,5–5% деңгейінде қалыптасады, бұл басқа халықаралық қаржы ұйымдарының шарттарына сай келеді.

"Қордың институционалдық бейтараптығы, ел аумағында тұрақты өкілдік ашу қажеттілігінің болмауы, сондай-ақ мемлекет пен бизнес үшін әкімшілік шығындардың аз болуы – қосымша артықшылықтар болып табылады. Орта мерзімді кезеңде қаржыландыру көлемін ұлғайту жоспарларын ескере отырып, ОПЕК Халықаралық даму қоры шағын және орта бизнесті қаржыландыру көздерін әртараптандырудың тиімді құралы ретінде, қолданыстағы мемлекеттік қолдау шараларын толықтыра алады", – деді Зәкіржан Күзиев.

Сонымен қатар, жобаларды іріктеу қордың өз ережелері мен рәсімдеріне сәйкес жүзеге асырылғанымен, Қазақстан Үкіметі қарсылық білдіру және вето қою құқығын сақтайды. Бұл жекеменшік секторға сыртқы қаржы тарту кезінде ұлттық мүдделерді қорғауды қамтамасыз етеді.

Мұндай тетік мемлекетке нарықтық процестерге тікелей әкімшілік араласусыз-ақ, экономикалық дамудың негізгі бағыттары бойынша стратегиялық бақылауды сақтауға мүмкіндік береді.

Мақаламен бөлісу
Мақаламен бөлісу:
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: