Мұнай құнының өсуі теңгені күшейтуде: сәуірдің басында бағам қандай болады
Фото: pixabay
Brent мұнайының жақын фьючерс бағасы Ормуз бұғазындағы шиеленіске байланысты барреліне 107–108 доллар деңгейінде сақталуда. Әлемдегі ірі инвестициялық банктердің бірі Goldman Sachs бұл жағдайды "тарихтағы ең ірі ұсыныс" деп атап, биылғы мұнай бағасына болжамын 85 долларға дейін көтерді.
Қазақстан үшін бұл тікелей әсер етеді: мұнай бағасының өсуі экспорттаушылардың валюталық түсімін арттырады, ел ішінде доллар ұсынысы көбейеді, соның нәтижесінде бағам төмендейді. Қазіргі таңда теңгенің қозғалысын дәл осы фактор анықтап отыр және ішкі шектеулерді уақытша ығыстырып тұр.
Бұл ретте, доллар индексі 100-ден асса да, АҚШ Федералдық резерв жүйесі наурызда мөлшерлемені 3,50–3,75% деңгейінде қалдырды. Бұл қатаң саясаттың уақытша тоқтағанын білдіреді және дамушы елдер валюталарына, соның ішінде теңгеге қысым жасамайды.
Соның нәтижесінде сирек жағдай қалыптасты: мұнай теңгені күшейтіп жатыр, ал доллар оған қарсы әсер етпейді. Сондықтан қазіргі қозғалыс жылдам әрі айтарлықтай кедергісіз жүріп жатыр.
Бұл жағдайда еуро – әлсіз буын
Сонымен қатар валюталар арасындағы баланс өзгеруде. Еуропалық орталық банк мөлшерлемені 2% деңгейінде ұстап отыр. Энергия бағасының өсуі Еуроаймақтың сауда балансына кері әсер етіп, экономикалық белсенділікті төмендетеді. Бұл негізгі сценарийде еуроға қысым жасайды. Қатаң саясат ұзақ сақталса ғана қолдау болуы мүмкін, бірақ соның өзінде еуроның өсу әлеуеті шектеулі.
Теңгені мөлшерлеме қолдап тұр, бірақ бұл қымбат қолдау
Қазақстан Ұлттық Банкі базалық мөлшерлемені 18% деңгейінде сақтап отыр. Бұл теңгелік құралдардың табыстылығын арттырып, керри-трейд арқылы капитал тартуға мүмкіндік береді.
Қосымша фактор – аймақтық тәуекелдердің төмендеуі. Қазақстан тұрақты нарық ретінде қарастырылып, шетелдік капиталдың бір бөлігі осында келіп жатыр. Бірақ инфляция жоғары: жылдық көрсеткіш 11,7%, айлық өсім 1,1%.
Нарық қай жерде кері қайтады
Ең маңызды сұрақ – теңге қаншалықты күшейе алады. Наурыздың соңында доллар бағамы 477–480 теңге аралығына түсті. Нарық одан төмен түсе алмады. Мұндай деңгейлер әдетте бірден бұзылмайды және бұрылыс нүктесіне айналады. Яғни доллардың төмендеуі қысқа мерзімді болуы ықтимал.
Қаржы маманы Арсен Темірбаевтың айтуынша, сәуірдің бірінші аптасына екі сценарий бар. Апта басында қымбат мұнай әсерінен теңге тағы да нығаюы мүмкін:
- USD/KZT – 480–488 теңге
- EUR/KZT – 556–561 теңге
- RUB/KZT – 5,7–6 теңге
Егер Brent 110 доллардан жоғары тұрса, доллар 480 теңгеге жақындауы мүмкін. Бірақ бір аптадан кейін кері қозғалыс басталуы ықтимал.
Сарапшының айтуынша, қазіргі жағдайды асыра бағалаудың қажеті жоқ: теңге тұрақты, ал 3–5 теңге көлеміндегі ауытқулар – қалыпты құбылыс. Бағам 515 теңгеден жоғары бекімейінше, әлсіреу туралы айту ерте.
Ол сондай-ақ болжам жасау қиындап жатқанын айтты:
"Егер сізге валюта керек болса, 500 теңге шамасы – сатып алуға қолайлы деңгей. Бірақ Таяу Шығыстағы жағдайға байланысты кез келген болжам бір күндік болуы мүмкін".
Айта кетейік, Ұлттық банктің ақпандағы сауалнамасына сәйкес, доллар бағамына қатысты болжам жақсарған: 2026 жылы – 535 теңге (бұрын 537), 2027 жылы – 555,1 теңге (бұрын 559,5), 2028 жылы – 578 теңге (бұрын 580).