Жаңа мұнай дағдарысы: Brent мұнайының бағасы мамырдан бері алғаш рет барреліне 100 доллардан асты
Фото: unsplash
Мұнай бағасының өсуіне не әсер етті?
2026 жылғы 23 шілдеде кешке Лондондағы ICE биржасында Brent маркалы мұнайдың қыркүйек айына арналған фьючерстерінің бағасы күрт өсіп, барреліне 101 долларға жетті. Ал бүгін таңертең баға аздап төмендеп, Астана уақытымен сағат 11:00-дегі жағдай бойынша 100,3 долларды құрады. Осылайша, Brent мұнайының бағасы бірнеше айдан бері алғаш рет 100 долларлық межеден жоғары тұрақтады.
Reuters агенттігінің бағалауынша, мұндай күрт өсім әлемдік мұнай жеткізіліміне қатысты алаңдаушылықты күшейткен бірнеше оқиғаның қатар орын алуынан болды.
"Brent мұнайының бағасы Қазақстандағы мұнай өндірудің қысқаруы және Қызыл теңіздегі танкерлерге жасалған шабуылдар аясында күрт өсті", – деп жазады Reuters.
Нарыққа қосымша қысымды Ормуз бұғазы арқылы кеме қатынасына төнген қауіп те күшейтіп отыр. Reuters келтірген Kpler аналитикалық компаниясының мәліметіне сәйкес, бұл бағытпен өтетін танкерлер саны мамыр айынан бергі ең төменгі деңгейге дейін азайған.
ING (Нидерландтағы ірі халықаралық банк) сарапшыларының пікірінше, қазіргі жағдай Таяу Шығыстағы қақтығыс басталғалы бері мұнай жеткізіліміне төнген ең үлкен қауіп болып отыр.
"Нарық қазіргі кезде бұрын-соңды болмаған көлемдегі жеткізу үзілістерінің қаупімен бетпе-бет келіп отыр", – делінген ING шолуында.
Неліктен Қазақстанда мұнай өндіру қысқарды?
Нарық назар аударған негізгі факторлардың бірі – Қазақстанда мұнай өндіру көлемінің уақытша төмендеуі.
Қазақстан Энергетика министрлігінің хабарлауынша, Каспий құбыр консорциумының (КҚК) теңіз терминалында мұнай тиеп тұрған NELSA танкеріне дрон шабуыл жасағаннан кейін қауіпсіздік мақсатында мұнай тиеу жұмыстары уақытша тоқтатылды.
Министрлік консорциумның өндірістік нысандары қалыпты жағдайда екенін және жағдай тұрақталған соң жұмысын қайта бастауға дайын екенін мәлімдеді. Алайда мұнай қабылдауға қойылған шектеулер мұнай өндіруші компанияларды өндіріс көлемін азайтуға мәжбүр етті.
"Бұл шара технологиялық сипатқа ие және өндірістік процестердің тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған", – деп хабарлады Энергетика министрлігі.
Reuters мәліметінше, ҚҚК-ның Қара теңіздегі терминалы жұмысын тоқтатқаннан кейін Қазақстандағы мұнай өндіру көлемі 20 пайыздан астамға қысқарған.
Айта кетейік, әлемде күн сайын экспортталатын мұнайдың шамамен 2 пайызы дәл осы КҚК жүйесі арқылы тасымалданады. Сондықтан бұл бағыттағы кез келген іркіліс әлемдік нарыққа бірден әсер етеді.
Қазақстан қанша қаржы жоғалтты?
Мұнай-газ саласының сарапшысы Олжас Байділдиновтың айтуынша, экспорттық инфрақұрылымдағы мәселелер мұнай өндіру көлемінің айтарлықтай төмендеуіне әкелді.
"2026 жылдың бірінші жартысында мұнай өндіру өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 8,4 пайызға азайды. Жалпы алғанда, алынбай қалған табыс пен шығын көлемі шамамен 3–3,5 млрд долларды құрайды. Оның кемінде үштен бірі – мемлекеттік бюджет пен Ұлттық қордың шығыны", – деді Олжас Байділдинов.
Сарапшының мәліметінше, биылғы алты айда Қазақстанда 45,7 млн тонна мұнай және газ конденсаты өндірілген. Былтыр дәл осы кезеңде бұл көрсеткіш 49,9 млн тоннаны құраған.
Ол өндірістің төмендеуін КҚК инфрақұрылымына, Орынбор газ өңдеу зауытына және басқа да нысандарға жасалған шабуылдардың салдарымен байланыстырды.
Мұнай бағасы әрі қарай қалай өзгеруі мүмкін?
Goldman Sachs инвестициялық банкі мұнай бағасының тағы да өсуі мүмкін екенін жоққа шығармайды.
Банк сарапшыларының бағалауынша, егер Ормуз бұғазы арқылы кеме қатынасындағы қиындықтар 2027 жылдың соңына дейін сақталса, онда 2026 жылдың төртінші тоқсанында Brent мұнайының бағасы барреліне 120 доллардан асуы мүмкін.
Ұлттық банктің соңғы сауалнамасына сәйкес, сарапшылар Brent мұнайының орташа бағасын 2026 жылы – барреліне 84,6 доллар, 2027 жылы – 75 доллар, 2028 жылы – 71,8 доллар болады деп болжайды.
Қымбат мұнай теңгені қолдап отыр
Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының мәліметінше, қазіргі таңда валюта нарығында сұраныс пен ұсыныс тепе-теңдігі ұлттық валютаны сатып алушылардың пайдасына өзгерген.
Сарапшылар мұны қатаң ақша-несие саясатының сақталатынына қатысты күтулермен, мұнай бағасының қымбаттауымен, экспорттаушылардың шетел валютасын көбірек сатуымен байланыстырады.
Соның нәтижесінде халықаралық Forex нарығында АҚШ долларының бағамы 473 теңге шамасында саудаланып жатыр.
Алайда теңгенің нығаюы Үкіметті толық қанағаттандырады деу қиын. Өйткені Каспий құбыр консорциумы арқылы мұнай экспортында әлі де шектеулер бар. Соның салдарынан Қазақстан әлемдік мұнай бағасының өсуінен толық көлемде пайда көре алмай отыр.
Сондықтан алдағы уақытта мұнай нарығындағы жағдай тек Таяу Шығыстағы оқиғаларға ғана емес, сонымен бірге Қазақстан мұнайының тұрақты экспортын қаншалықты жылдам қалпына келтіруге байланысты болады.