Қазақстанда кейбір депозиттер бойынша мөлшерлеме өседі
Фото: сгенерировано с помощью ИИ
Қордың мәліметінше, қазіргі кезеңде өзгеріс 12 айдан ұзақ мерзімге ашылатын жинақ салымдарына ғана қатысты болады.
"1 қазаннан бастап мұндай салымдар бойынша шекті мөлшерлеме жылдық 1%-дан 2,5%-ға дейін көтеріледі. Жаңа шекті сыйақы мөлшерлемелері 2026 жылғы 1 қазаннан кейін ашылған немесе мерзімі ұзартылған салымдарға ғана қолданылады", – деп хабарлады 28 қыркүйекте ҚДКБҚ баспасөз қызметі.
Қордың түсіндіруінше, шекті мөлшерлемелер шетел валютасындағы депозиттер бойынша сыйақы мөлшерлемесін белгілеуге ұсынылатын ең жоғары шек болып саналады. Бұл ретте банктер өз депозиттік өнімдері бойынша ұсынатын сыйақы мөлшерлемесін өздері белгілейді.
"Қазіргі кезеңде мерзімді және мерзімсіз салымдардың кез келген мерзімі бойынша, сондай-ақ 12 айға дейінгі жинақ депозиттері бойынша шекті мөлшерлеме өзгеріссіз қалады – 1%", – делінген ҚДКБҚ баспасөз қызметінің хабарламасында.
Қордың мәліметінше, бұл шешім Қазақстан Ұлттық банкінің депозиттер нарығын долларсыздандыру саясатының нәтижесінде қабылданған.
Долларландыру деңгейі 2015 жылғы 80%-дан 2026 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша 19,2%-ға дейін төмендеген. Сонымен қатар қолайлы макроэкономикалық жағдай және бір жылға жуық уақыт бойы теңгенің нығаю үрдісі Ұлттық банк пен ҚДКБҚ-ға валюталық нарықтағы реформаларды жалғастырып, шетел валютасындағы депозиттер бойынша мөлшерлемелерді реттеудің қолданыстағы тәсілдерін кезең-кезеңімен ырықтандыруға мүмкіндік берген.
Бұл ретте ҚДКБҚ-ның жеке тұлғалардың шетел валютасындағы депозиттері бойынша кепілдік беретін ең жоғары сомасы өзгермейді.
Қазақстандықтарға ҚДКБҚ әр банктегі салымшылардың жинақтарын заңнамалық тұрғыда қорғайтыны еске салынды:
20 млн теңгеге дейін – теңгедегі жинақ салымдары бойынша, сыйақыны қоса алғанда;
10 млн теңгеге дейін – теңгедегі өзге салымдар бойынша, сыйақыны қоса алғанда, сондай-ақ теңгедегі ағымдағы шоттар мен төлем карталарындағы қаражат бойынша;
5 млн теңгеге дейін – АҚШ доллары, еуро және басқа да шетел валютасындағы кез келген салымдар, карталар мен шоттар бойынша, сыйақыны қоса алғанда.
Қор жеке тұлғалардың депозиттері бойынша сыйақы мөлшерлемелерін банктер арасындағы бәсекелестікті ынталандыру, банк секторында жүйелік тәуекелдердің жинақталуына жол бермеу және қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету мақсатында реттейді.
Сонымен қатар ҚДКБҚ қазіргі уақытта депозиттерге кепілдік беру жүйесіне 20 банк қатысатынын хабарлады.