Балаларға бөлінетін төлемді таппай қалған кейбіреулер желіде дүрбелең туғызды. ҰАТ мәлімдеме жасады
Сурет: Zakon.kz
Қазақстандықтар "eGov mobile" мобильді қосымшасынан "Ұлттық қор – балаларға" бағдарламасы бойынша аударылған қаражат туралы деректердің жоғалып кеткеніне шағымдануда. "Ұлттық ақпараттык технологиялар" АҚ (ҰАТ) аталған жағдайға қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды Zakon.kz.
Бұл ретте Threads желісін пайдаланушылар дабыл көтерді. Кәмелетке толмаған қазақстандықтардың ата-аналары балалардың жинақ шоттарындағы баланстың кенеттен нөлге айналғанын айтады.
"Халайық! Мемлекет 18 жасқа толмаған балаларға аударатын жинақ ақшасы бәріңізде жоғалып кетті ме? Шотта бір теңге де, бір доллар да жоқ! Тексеріңіздерші, бәріңізде солай ма?", деп жазды raina_queen.kz атымен тіркелген қолданушылардың бірі.
Жазба астында азаматтардың пікірі екіге жарылды. Кейбір қолданушылар бұл мәселені растап, баланста түк жоғын айтса, басқалары балалар шоттарындағы барлық төлем деректерінің өзгеріссіз тұрғанын айтқан.
Желіде туындаған бұл дүрбелеңге қатысты "Ұлттық ақпараттық технологиялар" АҚ өкілдері жауап беріп, қазақстандықтарды сабырға шақырды және ақпаратты қалай қалпына келтіруге болатынын айтты.
"eGov mobile қосымшасы штаттық режимде жұмыс істеп тұр. "Ұлттық қор – балаларға" бағдарламасы аясында балалардың шоттарына аударылған қаражат туралы мәліметтер дұрыс көрсетілуде. Қосымшада деректер болмаған жағдайда eGov mobile Цифрлық құжаттарындағы "Отбасы" бөлімін жаңарту ұсынылады", деп түсіндірді "ҰА" АҚ баспасөз қызметі.
Бұған дейін экономист медицина саласындағы кезекті былықтың бетін ашқанын жазғанбыз.
Мақаламен бөлісу
Оқи отырыңыз
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript