Қазақстандықтар тауарды бөліп төлеуге қанша ақша алады: нарыққа талдау

Покупки онлайн, покупки в интернете, покупки через интернет, онлайн-покупки, онлайн покупки, покупки в интернете, маркетплейс, маркетплейсы, банковская карта, платеж по карте, оплата по карте, сурет - Zakon.kz жаңалық 27.11.2026 14:56 Фото: pexels
Қазір Қазақстанда кез келген дерлік тауар мен қызметтің ақысын бөліп төлеуге болады. Дегенмен сауалнамаға қатысқан ел тұрғындарының тек әрбір төртіншісі ғана осы тәсілді пайдаланады. Азаматтар қандай тауарларды сатып алу үшін қарызға ақша алады және оның көлемі қанша?

Пәтер күте тұрады, смартфонды қазір алу керек

Ұлттық банктің 2026 жылғы қарашада жарияланған халық арасында жүргізген сауалнамасының нәтижесіне сәйкес, бөліп төлеу кредиттік өнімдер арасында таралу деңгейі бойынша екінші орында тұр.

Қыркүйек айында респонденттердің 22,8%-ы бөліп төлеу қызметін пайдаланатынын айтқан. Ал 29,6%-ы тұрмыстық техника мен басқа да тауарларды сатып алу үшін тұтынушылық кредит алған. Шұғыл қажеттіліктерге қолма-қол ақша түрінде кредит алғандар үлесі – 14,9%.

Салыстыру үшін айтсақ, сауалнамаға қатысқандардың 11%-ы ипотека, 8,9%-ы автокредит төлеп жүр. Зерттеуге қатысқандардың 31%-ында ешқандай кредит жоқ.

Бір қызығы, бөліп төлеуді пайдаланатын азаматтардың үлесі бірнеше жылдан бері айтарлықтай өзгермеген. Мәселен, 2024 жылғы қарашада бұл көрсеткіш 22,6% болған.

Қалаған затыңды қолжетімді бағамен алуға болады

Ұлттық банктің зерттеуіне сәйкес, 2026 жылдың шілде-қыркүйек айларында қазақстандықтар 1,63 млн бөліп төлеу рәсімдеген. Бұл күніне шамамен 18 мың өтінімге тең.

Мұндай қарыздың орташа сомасы 208,9 мың теңгені құрады. Ал екінші тоқсанда бұл көрсеткіш сәл төмен болып, 204,4 мың теңгеге жеткен.

Сонымен қатар бір тоқсанда рәсімделген бөліп төлеу саны 25,5%-ға азайған. Сәуір-маусым айларында банктер осындай 2,18 млн қарыз берген.

Бөліп төлеу арқылы сатып алуды қаржыландырудың есептік көлемі 446,5 млрд теңгеден 340 млрд теңгеге дейін төмендеген.

Салыстыру үшін, 2026 жылдың екінші тоқсанында банктер берген қарыздардың орташа сомасы мынадай болды:

  • кепілсіз тұтынушылық кредит – 361,5 мың теңге;
  • автокредит – 6,76 млн теңге;
  • кепілмен берілетін тұтынушылық кредит – 14,63 млн теңге;
  • ипотека – 21,75 млн теңге.

Қалағанның бәрі бірдей мақұлданбайды

2026 жылы банктер бөліп төлеуге берілген өтінімдерді мақұлдауды едәуір азайтқан. Екінші тоқсанда өтінімдердің 47,5%-ына оң жауап берілсе, үшінші тоқсанда бұл көрсеткіш 37,4%-ды құраған.

Шілде-қыркүйек айларында банктерге бөліп төлеуге қатысты 4,63 млн өтінім түскен. Оның 2,89 миллионы қабылданбаған.

Бір қызығы, қазақстандықтар сатып алу үшін орта есеппен 349,3 мың теңге қарыз алуды жоспарлаған. Алайда мақұлданған қарыздың орташа сомасы одан шамамен 140 мың теңгеге аз болған.

Тұтынушылық кредит берудің географиялық бөлінісіне келсек, 2025 жылдың қорытындысы бойынша банктер берген тұтынушылық қарыздардың жартысынан астамы үш мегаполиске – Алматы, Астана және Шымкент қалаларына тиесілі болған. Олардың үлесі 51,5%-ды құрады.

Теледидардан бастап бір қорап сүтке дейін

Қазақстандықтардың қарызға ақша алу мақсаттары көбіне күнделікті тұрмыс қажеттіліктерімен байланысты. Ұлттық банктің "Қазақстандық отбасылар" атты соңғы баяндамасында айтылғандай, той мен мерекелік шараларды өткізу үшін кредит немесе бөліп төлеуді сауалнамаға қатысқандардың небәрі 2,9%-ы рәсімдеген.

Жалпы, қазақстандықтар қарызға көбіне мынадай мақсаттар үшін ақша алады:

  • жиһаз, тұрмыстық техника сатып алу және үйді жабдықтау – 50,6%;
  • смартфондар мен басқа да электроника сатып алу – 39,5%;
  • жөндеу жұмыстарын жүргізу – 24,5%;
  • азық-түлік сатып алу – 12,7%;
  • медициналық қызметтерге ақы төлеу – 7,9%;
  • саяхат және демалыс – 5,2%;
  • сыйлықтар сатып алу – 2,4%;
  • концерттерге, кинотеатрлар мен мейрамханаларға бару – 1,8%.

Шетелде тауарды бөліп төлеу қаншалықты танымал?

Германияда YouGov компаниясының 2026 жылғы сәуірде жарияланған зерттеуіне сәйкес, бөліп төлеу қызметін пайдаланушылардың әрбір бесіншісі бұл тәсілге ай сайын, ал әрбір оныншысы апта сайын жүгінеді.

АҚШ-та Gallup компаниясының мамыр айындағы сауалнамасы америкалықтардың 51%-ы интернет арқылы тауар сатып алғанда ақысын бөліп төлеу тәжірибесі бар екенін көрсетті. Олардың 27%-ы бұл тәсілді жиі немесе ара-тұра қолданады.

Ресейде сауалнамаға қатысқандардың 25%-ы бөліп төлеу қызметін пайдаланатынын айтқан. Сатып алудың орташа құны – 15,6 мың рубль.

Мақаламен бөлісу
Мақаламен бөлісу:
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: