Жаңалықтар тізбегі
0

Қант диабетімен күрес – эндокринологтің кеңесі

Қант диабеті, эндокринолог, сурет - Zakon.kz жаңалық 14.11.2023 15:41 Сурет: КЖА
Қант диабеті – соқырлық, аяқ-қол ампутациясы, инфаркт, инсульт және т.б. ауыр жағдайларға әкеп соқтыруы мүмкін қауіпті ауру. Оған қоса, бұл дертке кез келген адам шалдығуы мүмкін. Қант диабеті және оның салдарынан қалай қорғануға болатынын эндокринолог дәрігер Михаил Пешеходов айтып берді.

1880 жылы француз ғалымы Этьен Лансеро алғаш рет қант диабетін жіктеуге әрекет жасаған. Ал 1921 жылы канадалық ғалымдар тобының инсулин молекуласын ашуы ХХ ғасырдағы медицинаның революциялық жетістігі танылып, Нобель сыйлығымен марапатталды. Содан бері науқастардың өмір сүру сапасы жылдан жылға жақсарып келеді. Алайда, бүкіл әлемде қант диабетіне шалдығу көрсеткіші өсіп жатқаны байқалады.

– Михаил Владимирович, соңғы онжылдықта қант диабетіне шалдығу көрсеткіші елеулі түрде артты. Оның себебі неде?

– Шынында да, соңғы мәліметтер бойынша, әлемде қант диабетімен ауыратындар саны соңғы 10 жылда 2 еседен аса артып, 2021 жылдың соңына қарай 537 млн адамнан асқан. Халықаралық диабет федерациясының (IDF) болжамына сәйкес, 2030 жылға қарай 643 млн, ал 2045 жылға қарай 783 млн адам қант диабетімен ауырады.

Алайда, бұл деректер науқастардың нақты санын есептемейтінін, өйткені олар аурудың анықталған және тіркелген жағдайларын ғана ескеретінін айта кету керек. Мәселен, ауқымды эпидемиологиялық зерттеулердің нәтижелері аурудың 54%-ы анықталмаған күйінде қалатынын көрсетті.

Бүгінгі таңда науқастар санының елеулі өсімі жаһандық жұқпалы емес эпидемия сипатына ие болуда. Қант диабеті – халықтың мүгедектігі мен өліміне әкелетін үш аурудың бірі (атеросклероз, қатерлі ісік және қант диабеті).

– Ауруға кімдер жиі ұшырайды?

– Ауру әйелдерде де, еркектерде де жаңа туған нәресте кезінен бастап қартайған шағына дейін кез келген жаста пайда болуы мүмкін.

Бұл ұйқы безінің инсулин секрециясының бұзылуына және оның ағзаға әсеріне негізделген созылмалы метаболикалық ауру. Қант диабетінің әртүрлі нұсқалары (немесе түрлері) бар. Бірақ түрлеріне қарамастан, олардың барлығы қандағы қанттың тұрақты жоғарылауымен байқалады.

– Қант диабеті кезінде бүкіл ағза, оның әртүрлі мүшелері зардап шегеді. Бұл аурудың салдары қандай?

– Қандағы қанттың созылмалы жоғарылауы зақымдаушы фактор болып табылады. Ол әртүрлі органдардың, әсіресе көз, бүйрек, жүйке, жүрек пен мидың және аяқтың негізгі қан тамырларының зақымдалуына апарады.

Қант диабетінің ең қауіпті салдары және науқастардың мүгедектігі мен өлімінің негізгі себептері – жүрек инфарктісі, ми инсульті, толық соқырлыққа дейін көру қабілетінің жоғалуы, жасанды бүйрек аппаратына дейін бүйрек жеткіліксіздігі, аяқ гангренасы және ампутация.

– Сіз көру қабілетінің жоғалу мүмкіндігі туралы айтып өттіңіз. Өзіңіз көз ауруларымен айналысатын ғылыми орталықта жұмыс істейсіз. Бүгінде мұндай жерге де эндокринолог қажет пе?

– Қант диабеті кезінде көру органы ең осал болып табылады. Қанттың жоғарылауы көз алмасының көптеген құрылымдарын зақымдайды – нұрлы қабық, көздің алдыңғы камерасының бұрышы, көзбұршақ, шыны тәрізді дене, торлы қабық. Көру қабілеті жоғалуының негізгі себебі болып табылатын ең қауіпті асқыну – торлы қабықтың диабеттік зақымдануы.

– Өз тәжірибеңізде қант диабетінің офтальмологиялық көріністерін жиі кездестіресіз бе?

– Эндокринолог мұндай мәселелермен үнемі кездеседі десек болады. Қант диабетімен ауыратын әрбір науқастың 5 жылдан кейін көзі зақымдалады. Көбісінде, көзіне қатысты проблемалар одан бұрын да туындайды.

– Бүгінде қант диабетімен күресудің технологиялық әдістері пайда болуда, олар науқастың өмірін ұзартады. Ал көру қабілетін сақтауға көмектесе ме?

– Ғылым бір орында тұрмайды. Мамандандырылған офтальмологтар заманауи диагностикалық жабдықтың көмегімен торлы қабықтың зақымдануын алғашқы сатысында көре алады. Бұл емдеуді алдын ала бастауға мүмкіндік береді.

Емдеудің ең тиімді әдісі – торлы қабыққа лазерлік ота жасау. Оны ффтальмолог-хирург арнайы жабдықта орындайды. Процедура барысында лазер сәулесі патологиялық аймақтың айналасындағы торлы қабықты «жабады». Бұл аурудың дамуын тоқтатады, торлы қабықтың бөлінуіне және соқырлыққа жол бермейді, сондай-ақ болашақта ауыр хирургиялық операцияларды болдырмайды.

– Қант диабетін қалай болдырмауға болады, аурудың алдын алудың қандай әдістері бар?

– Қант диабеті генетикалық факторлардан басқа, метаболикалық процестердің бұзылуынан болуы мүмкін: семіздікті күшейтетін физикалық белсенділіктің болмауы; майлар мен қарапайым көмірсуларды көп мөлшерде тұтыну, дұрыс тамақтанбау.

Аурудың алдын алу осы факторларды жою болып табылады. Мұнда теңдестірілген тамақтануды қарастыратын қалыпты диетаны қосу қажет.

Қант, кәмпиттер, печенье, торттар, бал, джем және т.б. сияқты тазартылған көмірсулар мен қаныққан майларды тұтыну барынша азайтылуы керек.

Тамақтану рационының негізін күрделі көмірсулар мен еритін талшықтарға бай тағамдар құрауы қажет. Тағамның құрамындағы АМК (ақуыз-май-көмірсулар) пайызы: көкөністер (өзек) – 50%, көмірсулар - 25 %, ақуыздар + майлар - 25 %

Құс етіне, майлы емес балықтарға, көкөніс тағамдарына, шөп қайнатпаларына, қант қосылмаған компоттарға артықшылық беріледі. Қуырылған тағамдар қайнатылған, бұқтырылған, пісірілген тағамдармен алмастырылады.

Тәттілерді, газдалған сусындарды, десерттерді, қант қосылған еритін сусындарды, фаст-фудты, ысталған, тұзды тағамдарды рационнан шығару керек.

Орынды физикалық белсенділік қажет. Физикалық белсенділік метаболизм процестерін жақсартады және дене тіндерінің инсулинге сезімталдығын арттырады.

Мұндай алдын алу шаралары бүкіл ағзаға пайдалы. Дұрыс тамақтану жүйесі, қалыпты физикалық белсенділік, салмақты бақылау – бұл қант диабетінің ғана емес, гипертониялық аурулардың, инсульттің, инфаркттың алдын алудың негізгі тұжырымдамалары. Қант диабетін ерте анықтау үшін кемінде жылына бір рет қант деңгейін тексеріп отыру қажет, – деп қорытындылады Пешеходов.


Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Бөлісу
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Жаңалықтар трендінде болыңыз!
Хабарландыруларды қосыңыз және алдымен расталған жаңалықтарды алыңыз.

Браузерде хабарландыруларды кез келген уақытта өшіруге болады

Біздің хабарландыруға жазылыңыз!
Хабарландыру қосу үшін қоңырау белгісін басыңыз
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: