Қаңтар оқиғасын зерттеу өте қиын болады — сарапшылар
Сарапшылардың пікірінше, өлім-жітім себептерін, тыйым салынған заттардың бар-жоғын, адамға келтірілген зиянның ауырлығын анықтауға, сонымен бірге ДНҚ сараптамасы немесе фото арқылы адамның жеке дерегін білуге қазақстандық сот сараптамасының мүмкіндігі жетеді.
Қаңтар оқиғасына келетін болсақ, бүгінге дейін 2 мыңнан астам сараптама тағайындалды. Негізінен олар сот-медициналық, сауда-саттық, құрылыс, өрт-жарылыс техникасы, баллистика бойынша сараптамалар. Бірақ бұл көрсеткіш күн сайын өзгеріп отыр. Әлі портреттік, психологиялық-криминалистикалық және басқа да сараптама түрлері тағайындалады. Сонымен бірге біз сот-экономикалық сараптамалардың келуін күтіп отырмыз.ҚР Әділет министрлігі сот сараптамасы орталығы директорының орынбасары Ілияс Исмаилов
Ілияс Исмаиловтың мәліметінше, сараптамалардың ұзақтығы көбіне қылмыс жасаудың нақты жағдайларына, зерттеу объектілерінің сипаты мен санына және басқа да көптеген мәселелерге байланысты.
Мысалы, бір өлімнің себебін анықтау үшін көмекші әдістер қолданылады. Олар: химиялық-токсикологиялық, биологиялық және гистологиялық зерттеулер. Зерттеу 20-25 күнге дейін созылуы мүмкін. Заңнама бойынша сот-медициналық сарапшыларға оларды бағалау және қорытынды шығару үшін 30 күн уақыт беріледі.
Бүлінген нысан иелеріне келтірілген материалдық шығынды өтеу сараптама нәтижесіне байланысты. Сондықтан адамдар оның тезірек жүргізілгенін қалайды.
Біз қоғамның, оның ішінде бизнестің тезірек қайта қалыпқа келуі керек екенін түсінеміз. Сондықтан мамандарымыз барлығын дер кезінде, мүмкіндігінше тезірек жасауға тырысады. Бүгінде біздің жұмысымызда кешігу болып жатқан жоқ. Барлық сараптама заңмен белгіленген мерзім бойынша жүргізіліп жатыр. Шағымдар жоқ.Ілияс Исмаилов
Сараптаманың кейбір түрлері ұзақ уақыт жүргізіледі. Сот сараптамасы орталығы директорының орынбасарының айтуынша, бұл алгоритмдер бойынша дәйекті әрекеттер тізбегін орындау қажет болған кездегі технологиялық және техникалық процестерге байланысты.
Сондықтан сараптаманың жекелеген түрлерін зерттеу процесін жеделдету мүмкін емес. Тым жеделдетсек, ол сараптаманың сапасына әсер етеді. Ал біз үшін сараптаманың сапалы болғаны маңызды. Сонымен қатар көпобъектілі экспертизалар да бар. Олардың орналасқан жеріне, дислокациясына баруға тура келеді. Сарапшы әрбір объектіге барып, өлшеп, тексеруі керек. Егер объекті көп болса, сараптама жүргізуге көбірек уақыт кетеді.Ілияс Исмаилов
Қаңтар оқиғасы бойынша сараптаманың толық көлемін аяқтау үшін қанша уақыт қажет екенін айту қиын. Спикердің сөзінше, бұл тергеу жүргізіп жатқан құқық қорғау органдарының сот-медициналық сарапшыларға беретін материалдарының көлеміне байланысты.
Олар сараптамаларды қажетіне қарай кезең-кезеңімен тағайындайды. Сондықтан бәрі соларға байланысты. Материалдарды өз бетінше жинауға, зерттеуге біздің құқығымыз жоқ. Біз тергеуге назар аударамыз. Тергеу бізге заттай дәлелдемелерді ұсынады, шешім шығарады. Жұмысты осыдан бастаймыз.Ілияс Исмаилов
Алматыда сот-медициналық сарапшылар жеткілікті. Бірақ қаңтар оқиғасында осы қала ең көп зардап шеккендіктен мұнда еліміздің басқа облыстарынан қосымша 26 маман жіберілді. Олардың мақсаты – барлық қажет жұмысты дер кезінде және сауатты жүргізу.
Сонымен бірге сараптамалар жұмысын жылдам аяқтау үшін Алматы қаласында, Шымкент, Жамбыл, Қызылорда, Алматы, Ақтөбе және Шығыс Қазақстан облыстарында тәжірибелі сарапшылардан резервтік штаб жасақталған.
ҚР ІІМ Жедел сот-сараптама басқармасының бас криминалисі Алмас Далабаев қаңтар оқиғасын тергеу қиын болатынын және көп уақытты алатынын айтты.
Қаңтар оқиғасы кезінде жедел-криминалистикалық бөлімше қызметкерлері наразылық білдірушілердің заңсыз әрекеттерін бейнежазбаға түсіріп, оқиға болған жерді қарап шықты. Олар сот-сараптамалық зерттеулер жүргізіліп жатқан қылмыстарды ашу үшін саусақ ізін және тергеуге, сараптамаға көмектесетін басқа да заттай дәлелдемелерді алды.Алмас Далабаев
Криминалистикалық зерттеу күрделі болуына қарай заңда белгіленген мерзімде жүргізіледі. Максималды мерзім – 15 күн. Ішкі істер министрлігінің басшылығы Алматы мен Алматы облысына Нұр-Сұлтаннан, Ақмола, Ақтөбе, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Түркістан облыстарынан криминалистерді және көлігі бар полицейлерді жіберді.
Қаңтар оқиғасы кезінде жаппай тәртіпсіздіктерге қатысқан және ұсталғандардың саусақ іздері, баллистикалық заттар, биологиялық үлгілер және басқа да заттай дәлелдемелер сот-медициналық сараптама құжаттарымен салыстыра тексеріліп, нәтижесі тергеу жүргізетін органға жіберіледі.Алмас Далабаев
Zakon.kz-тің Алматыда және еліміздің басқа да қалаларында жаппай тәртіпсіздіктер кезінде жасалған қылмыстық әрекеттерді нақты анықтау және қалпына келтіру мүмкін бе деген сұрағына бұрынғы криминалист, ІІМ подполковнигі Марат Мұқанов жауап берді.
Дәлелдерді жинау процесі өте қиын. «Адамдарды кім атып тастады? Атыс қаруынан осыншама адам неліктен өлді?» деген басты сұрақ тұрады. Интернетте жарияланған бейнематериалдарға қарап, жеке тұлғалардың әрекетіне дұрыс құқықтық баға беру өте қиын. Мысалы, видеолардың бірінде әскери киім киген адамдар Калашников автоматынан оқ атқан көрінеді. Дененің орналасуына қарағанда көздеп атқан. Бірақ қарама-қарсы жағы кадрда көрсетілмеген. Бұл бейнені зерттегенде куәгерлердің айғақтарынсыз қорытынды шығаруға болмайды. Өкінішке қарай, бұл видеода сарбаздардың қандай оқ-дәрі қолданғаны көрінбейді. Сонымен қатар қару қолданатындай олардың өміріне нақты қауіп төніп тұрған-тұрмағаны да белгісіз.Марат Мұқанов
Адамға қандай қарудан – қылмыстық, әскери қарудан, аңшылық қарудан оқ тигенін нақты криминалистикалық баллистика анықтай алады. Ол үшін криминологтар мен сот-медициналық дәрігерлер өлгендердің денесін тексеріп, акт жасайды.
Марат Мұқанов марқұмдардың туыстарына нақты мамандардан қайтыс болған адамның жарақаты, оқ ізі, табылған оқ пен сынықтар туралы жазылған құжат талап етуді кеңес етті.
Зерттеу процесінің сипаттамасына, қолданылатын әдістер мен ғылыми-техникалық құралдарға, материалдарға қатысты сараптамалық қорытындылардың сапасына жақсылап назар аударыңыз. Тергеушілер мен адвокаттар нақты сараптамалар тағайындау туралы шешімді, сонымен бірге маңызды дәлелдемелерді, хаттамаларды мұқият зерттегені маңызды.Марат Мұқанов
Алматыда болған лаңкестік әрекеттердің сипатын ескерсек, тағайындалған сараптамалардың саны өте көп болады. Сарапшының айтуынша, бұл сараптамалар тергеу мерзіміне айтарлықтай әсер етеді. Олардың ішінде сот-медициналық (дактилоскопиялық, трасологиялық, баллистикалық), өрт-техникалық және жарылғыш, физикалық-химиялық сараптама түрлері бар.
Ішкі істер министрлігінің де, Әділет министрлігінің де криминологтары — жоғары білікті мамандар. Олар бұл ауқымды және өте жауапты жұмысты жоғары деңгейде атқара алады. Себебі Кеңес заманында қазақстандық криминологтар КСРО Ішкі істер министрлігі жүйесінде алдыңғы қатарда болған еді. Бірақ тергеу процесінің өзі өте күрделі және ұзақ болады.Марат Мұқанов