Ауыл тұрғындарының мәселелерін шешу – сенаторлардың назарында
Сенаторлар Қармақшы ауданында көктемгі егіске дайындық жұмыстарының басы-қасында болып, ауыл еңбеккерлерімен жайылымдық жерлердің жетіспейтіні және суару үшін берілетін судың аздығы мәселелерін талқылады. Мұрат Бақтиярұлы бұл мәселе сенаторлардың бақылауында екенін атап өтті. Ол осы тақырып бойынша өткен айда ғана депутаттық сауал жолдап, Сырдария өзеніндегі су деңгейінің күрт төмендеуіне байланысты Үкіметтен қажетті шаралар қабылдауды сұраған болатын.
Сенаторлар орталық аудандық аурухананың жұмысымен де танысты. Онда медициналық мекемені жаңа аппараттармен және дәрілік заттармен қамтамасыз ету, телемедицинаны тиімді пайдалану және одан әрі дамыту, сондай-ақ санавиация мәселелері көтерілді.
Сенаторлар Жалағаш ауданында болған кезде аграршылармен және дәрігерлермен кездесті. Аудандағы шаруа қожалықтарының басшыларымен кездесуде көктемгі егіс науқанына тыңайтқыштар мен субсидияларды уақытылы жеткізу мәселелері талқыланды. Сенаторлар жаңадан салынған аудандық ауруханаға барып, медицина қызметкерлері мен науқастармен де кездесті.
Депутаттар Сырдария ауданы Шіркейлі ауылдық округінде орналасқан фельдшерлік-акушерлік пункттің апатты жағдайына алаңдаушылық білдіріп, дәрігерлік пункт және медициналық қызмет көрсету жүйесі қызметінің проблемалық мәселелеріне назар аударды.
Сенаторлар осы кездесулер барысында ауыл тұрғындарымен еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында айтылған жаңа саяси реформаларды талқылады. Сондай-ақ өткен кездесулердің қорытындысы бойынша өңір тұрғындары айтқан барлық проблемалық мәселелер депутаттардың мұқият зерделенетіні және Үкімет мүшелерінің алдында қойылатынын айтты.