Талғарда базар өртенді
7 сәуір күні сағат 02:00-де Алматы облысының Төтенше жағдайлар департаментіне Талғар қаласындағы Әйтеке би көшесінің бойында орналасқан әмбебап базар аумағында, халық тұтынатын тауарлар сататын контейнерлік сауда орындары өртеніп жатқаны туралы хабарлама келіп түсті.
Шақыру орнына жоғары дәрежелі өрт сөндіру мамандары жіберілді.
Өрт 03:51-де сөндірілді, ал 05:00-де толық ауыздықталды. Алдын ала болжам бойынша 900 шаршы метр аумақ өртке оранды. Құрбандар мен зардап шеккендер жоқ.
Өрт сөндірушілер өрттің базардың барлық аумағына таралуына тосқауыл қойылды (әмбебап базардың жалпы ауданы 8330 ш.м.).
Өрттің себебін анықтау үшін оқиға орнына Алматы облысы Төтенше жағдайлар департаментінің ғылыми-зерттеу өрт сынақ зертханасы жіберілді.
Өртті сөндіруге Алматы облысы Төтенше жағдайлар департаментінің 25 қызметкері, Алматы қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің алты қызметкері, полиция қызметкерлері, жедел жәрдем бригадалары және басқа да мамандар қатысты.