Қазақстанда су тасқынына қарсы шараларға 156 техника, 74 су сору құралы жұмылдырылды
Кейінгі тәулікте өңірлерде тұрғын үйлерді су басуға жол берілген жоқ. Қазір Ақмола және Ақтөбе облыстарындағы облыстық маңызы бар жолдардың 4 учаскесінде, Қарағанды, Ақмола, Ақтөбе, Қостанай облыстарындағы жергілікті маңызы бар автожолдардың 11 учаскесінде, Ақтөбе облысының жергілікті маңызы бар учаскесіндегі бір көпірде су тасқыны болып жатыр.
Ақмола, Ақтөбе, Қарағанды облыстарында, Нұр-Сұлтан қаласында жергілікті атқарушы органдар мен ТЖМ күштерімен аула аумақтары мен көшелерден 126,6 мың м3 еріген қар суы сорылды.
Ақмола, Шығыс Қазақстан, Ақтөбе, Қарағанды облыстарында инертті материалдары бар 4 895 қап төселді.
Жұмыстарға ТЖМ, ІІМ, жергілікті атқарушы органдардан, үкіметтік емес ұйымдардан 657 адам, 156 бірлік техника, 74 су сору құралы және 5 жүзу құралы жұмылдырылды, – деп хабарлады Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметі.
Ақмола және Шығыс Қазақстан облыстарында су тасқынына қарсы іс-шараларға (қаптар төсеу, топырақ үйіп бекітілген жерлерді нығайту, еріген қар суын сору) ТЖМ 52859 және 68303 әскери бөлімдерінің 55 адамы мен 6 бірлік техникасы тартылды.