Үкіметте ойын бизнесі мен лотерея қызметін реттеу мәселелері талқыланды
Кеңеске уәкілетті мемлекеттік органдар мен Ұлттық банк өкілдері қатысты.
Мәдениет және спорт вице-министрі Ержан Еркінбаев Мөлшерлемелерді есепке алу орталығын құру, онлайн-казиноларға қарсы іс-қимыл бойынша заңнамалық түзетулерді қабылдау, ойынға арналған сайттарды бұғаттау, лотерея бизнесін реттеу мәселелері бойынша тапсырмалардың орындалу барысын баяндады.
Вице-Премьер онлайн-казино сайттарының қолжетімділігі мен кеңінен таралуы халықтың құмар ойындарға тартылуының негізгі себептері екенін атап өтті.
Мемлекеттік органдарда мұндай сайттардың саны, құмар ойындарға тәуелді адамдар және азаматтардың онлайн казиноға жұмсаған қаражатының көлемі туралы деректер жоқ.
Тоғжанов Мөлшерлемелерді есепке алу орталығының Мәдениет және спорт министрлігі базасында құрылуы тиіс екенін айтты.
Кеңес қорытындысы бойынша Ералы Тоғжанов мемлекеттік органдарға бірқатар нақты тапсырма берді.
Атап айтқанда:
заңсыз ойын бизнесіне қарсы іс-қимыл және азаматтардың құмар ойындарға тартылу деңгейін төмендету бойынша бірлескен іс-қимыл жоспарын әзірлеу;
құмар ойындардың зияны туралы әлеуметтік роликтер жасау және насихаттау;
қоғам өкілдерін тарта отырып, заңсыз ойын орындарын анықтау бойынша рейдтер жүргізу;
интернет-казиноны ұйымдастырушы тұлғалардың тізімін белгілеу;
банктер мен төлем жүйелеріне осы тұлғалардың қаржы операцияларын жүргізуге тыйым салу;
несие карталарының көмегімен казиноларда, ойын автоматтары залдарында, букмекерлік кеңселерде және тотализаторларда төлемдерді жүзеге асыруға немесе шоттарды толықтыруға тыйым салу;
интернет-казиноны ұйымдастырғаны үшін жауапкершілік белгілеу;
құмар ойындарға тәуелді азаматтарды, олардың ішінде балаларды анықтау және оңалту жүйесін әзірлеу.