Щучинсктегі базарды 100-ге жуық өрт сөндіруші жұмылып ауыздықтады
18 мамыр күні сағат 04:50-де Ақмола облысының Щучинск қаласында «Жомарт» базарының бір қабатты жеке тұрғын үйінде өрт шықты. Өртті сөндіруге 97 өрт сөндіруші жіберілді, деп хабарлайды Ақмола облысы Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі.
Өрт 1700 шаршы метр аумақты шарпыған. Ғимараттың жалпы ауданы 3000 шаршы метрді құрайды.
Өрт сөндірушілер 45 минут ішінде өртті ауыздықтап, екі сағат ішінде тілсіз жауды толықтай сөндірді.
Өртті сөндіру кезінде ер адамның мәйіті табылды. Алдын ала мәлімет бойынша, ол вахташы болып жұмыс істеген. Марқұмның жеке басы анықталуда.
Өрт орнында сынақ өрт-техникалық зертханасы мен полиция қызметкерлері жұмыс істеуде. Өрттің шығу себебі анықталуда.