Қазақстан ғалымдары сапалы селенді экологиялық қауіпсіз түрде алу технологиясын ойлап тапты
Satbayev University-дің Металлургия және байыту институтының ғалымдары сапалы селен алудың ерекше әдісін ойлап тапты. Оның ерекшелегі – селенді қоспалардан тазартудың экологиялық таза технологиясында. Жаңалықты техника ғылымдарының докторы, профессор Бағдәулет Кенжалиев бастаған ғалымдар тобы әзірледі.
Бастапқыда сынақ қондырғысы Металлургия және байыту институтында орнатылды. Қазір Балқаш қаласында «Қазақмыс Прогресс» серіктестігінің өндірістік нысандарында отандық сапалы селен өндірісі жолға қойылды.
Өндірісті Satbayev University-дің ғалымдар тобы бақылауда ұстайды. Бүгінде ғалымдар тазартылған металдың алғашқы партиясын алып үлгерді.
University-дің Металлургия және байыту институтының бас директоры, техника ғылымдарының докторы, профессор Бағдәулет Кенжалиевтің айтуынша, сапалы, яғни таза селен сирек кездесетін материал болғандықтан оны өндіру де, тазарту да қиын.
Біздің жаңалығымыздың бір ерекшелігі бар, яғни ол бір кезеңде құрамында 99,5%-дан астам негізгі компоненті бар таза селенді арзан реагентсіз жолмен алуға мүмкіндік береді. Бұл Қазақстанда шығарылатын таза селеннің құны шетелдік өнімге қарағанда айтарлықтай төмен болады дегенді білдіреді. Технология өзінің тиімділігін дәлелдеді және материалдардың көптеген түрінде, соның ішінде «Қазмырыш», «Қазақмыс корпорациясы» сияқты қазақстандық өнеркәсіптік кәсіпорындары және басқа компаниялар шығаратын техникалық және әлі дайын емес селенде сынақтан өтті, – деді профессор Бағдәулет Кенжалиев.
Ғалымдардың айтуынша, жаңа технология селен өндірісін жаңа деңгейге шығаруға көмектеседі. Нәтижесінде Қазақстан арзан бағамен жоғары сапалы селен өндіріп, ішкі нарықты ғана емес, сыртқы нарықты да қамтамасыз ете алады. Жоба ҚР БҒМ Ғылым комитетінің қолдауымен жүзеге асырылды.