Алматыда күн күркіреп, найзағай жарқылдайды. Төтеншеліктер өз кеңестерімен бөлісті
"Қазгидромет" РМК 3 мамырдағы дауылды ескертуінің негізінде, 4 маусымда таңертең және кешке күн күркіреп, найзағай жарқылдайтынын хабарлайды. Батыс жақтан жел соғып, найзағай кезінде оның екпіні секундына 15 метрге дейін барады.
Төтеншеліктер мұндай ауа-райы кезінде не істеу керектігі бойынша бірнеше кеңесті алға тартады:
найзағай көбіне биік ғимараттарға, ағаштарға түседі. Олардан 50-60 метр қашықта болғаныңыз дұрыс. Ал жазықтықта, ешқандай биік мұнара жоқ жер болса, сонда жүрген адамға түсуі мүмкін.
саяхатқа, ұзақ сапарға, серуенге шығар болсаңыз, ғаламтор арқылы алдағы ауа райымен танысыңыз. Ашық алаңқайда, орманда, жағажайда, өзенде, қорғансыз жерде кезде найзағай ойнап тұрса, қауіп күштірек болмақ. Мұндайда киіміңіз су болғанынан қорықпаңыз. Құрғақ нәрсеге қарағанда, су киім қауіпсіздеу. Ал судың өзі токты өте жақсы өткізеді. Найзағай басталған сәтте дереу судан шығып, жағажайдан алыстауға тырысыңыз.
найзағай кезінде жерге жатуға, ағаштың астын тасалауға, бір орында тұруға да, жылдам жүруге де, жүгіруге де болмайды. Бір қалыпты жылдамдық сақтаған дұрыс. Қолшатырды да ашпаған абзал. денедегі металл бұйымдардың бәрінен арылыңыз. Себебі олар токты жақсы өткізеді де, найзағай кезінде қауіп туғызады. Көшеде жүрсеңіз, автобусты, көліктерді паналауға болады.
үйде болсаңыз, электрмен жұмыс істейтін барлық аппаратты өшіріп, есік-терезені жабыңыз. Осы секілді ережелерді қатаң ұстану арқылы жақындарыңызды және өзіңізді қауіпсіз жағдайда ұстай аласыз.
егер жаңбыр астында қалып, қалқа іздесеңіз, онда жүгірмеңіз, ақырын басып діттеген жеріңізге жетіңіз. Бастысы, ұялы телефонды ажыратыңыз.
егер көлікте отырғанда найзағай жарқылдап басталса, онда ешқайда қашпаңыз. Керісінше, көлікті тоқтатып, терезелерді жауып, радиоқабылдағыштың антеннасын түсіріңіз. Жол жиегіне немесе автотұраққа тоқтағаныңыз дұрыс, биік ағаштардың маңайынан аулақ болыңыз, ашық далада да тұрмаңыз. Найзағай жарқылдап жатқанда жанар-жағармай бекетіне бармаңыз, қолыңызға темір зат ұстамаңыз, темірге отырмаңыз.
велосипед пен мотоцикл бұл уақытта қауіпті болуы мүмкін. Оларды жерге қойып, кем дегенде 30 метр қашықтықтағы қалқаға барып тұрғаныңыз жөн.