Демографиялық ахуал: өткен жылғы мамырмен салыстырғанда халық саны 1,2% өсті
2022 жылғы 1 мамырға еліміздегі халық саны 19 199,8 мың адам болды, оның ішінде қалалықтар – 11 442,9 мың (59,6%), ауылдықтар – 7 756,9 мың адам (40,4%). 2021 жылғы 1 мамырмен салыстырғанда халық саны 236,9 мың адамға немесе 1,2% өсті.ҚР Ұлттық статистика агенттігі
Халықтың табиғи қозғалысы
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2022 жылғы қаңтар-сәуірде республика халқының табиғи өсімі 2021 жылғы қаңтар-сәуірмен салыстырғанда (88 мың адам) 9,8% кеміп, 79,3 мың адам болды. Табиғи өсімнің жалпы коэффициенті 1000 адамға шаққанда 12,54 адам болды.
АХАТ органдары ұсынған азаматтық хал актілері жазбаларындағы мәліметтерді өңдеу нәтижесінде, 2022 жылғы қаңтар-сәуірде туылғандар саны 127 мың адам болды, бұл 2021 жылғы қаңтар-сәуірге (137,4 мың адам) қарағанда 7,6% аз. Туудың жалпы коэффициенті 1000 адамға 20,08 туылғандардан келеді.
Қарастырылып отырған кезеңде қайтыс болғандар саны 47,7 мың адам болды, бұл 2021 жылғы қаңтар-сәуірге (49,5 мың адам) қарағанда 3,6% аз.
2022 жылғы қаңтар-сәуірде республикада 1 жасқа дейін шетінеген 1 113 нәресте тіркелді. 2021 жылғы тиісті кезеңмен салыстырғанда (1109 шетінеген нәресте) 0,4% артты. Нәресте өлім-жітімінің коэффициенті 1000 туғанға шаққанда 8,76 оқиғаны құрады.
Халықтың көші-қоны
Көші-қон қызметі органдары ұсынған мәліметтерді өңдеу нәтижесінде, 2022 жылғы қаңтар-сәуірде елімізге тұрғылықты тұруға келгендердің тіркелу саны 5 122 адамды, елімізден кеткендердің саны 7 041 адамды, көші-қонның айырымы -1 919 адамды құрады.
Еліміздегі негізгі көші-қон ТМД мемлекеттерімен өтіп жатыр. ТМД елдерінен келгендердің және сол елдерге кеткендердің көшіп-қонушылардың жалпы санынан үлесі 85,3% және 80,1% болды.
Ел ішінде қоныс аударатын көшіп-қонушылар саны 3%-ға кеміді.
Өңіраралық қоныс аудару бойынша халық көші-қонының оң айырымы еліміздің 3 өңірінде байқалды:
Алматы (11 577 адам);
Нұр-Сұлтан (10 300 адам);
Шымкент (1 664 адам) қалаларында.