Роза Әлқожаның қызы бойы сай келмегені үшін өнер академиясының емтиханына өтпеді
Роза Әлқожа академия басшылығын «Кілең бойы ұзын қыздарды жинап, модельдерден подиум жасай ма?» деп жазғырды.
Биыл бойы 1,65 см қыздарды қабылдайды екен. «Буратиноны» ойнағаны, қызылмен бітіргені ештеңе шешпейді екен. Тым құрығанда емтиханға кіріп құласа, ризасың ғой. Ақылы бөлімге де мүмкіндік жоқ. Сонда деймін де кілең бойы ұзындарды жинап, моделдерден подиум жасай ма екен?!, – деп жазды әнші.
Сонымен қатар ол академияның ректорына да шағымданды.
Сосын басқа емес, өз колледжі. Өз мұғалімдерін менсінбейтін не академия бұл?! Сосын өзі комиссия қылып жіберген Дулыға Ақмолда басты рөлдегі Буратиноға неге бес қойды, неге мақтады? Асанәлі ағаға неге «мақұл» деп алдады, осыны түсінбеймін? Айман Қожабекқызы өтінсе де, алмайтын жас ректордың болашағы қалай болар екен? Мейлі ғой. Алла қызымызға бақ берсін! Сорбонна университетінің маңдайшасында «Құдай бермегенді Сорбонна бермейді!» деген жазу бар екен. Сондықтан сонша иілген басымды көтеріп, аналық жүрегімді сыйламаған басшыларды Аллаға тапсырдым! «Таза өтеді» дегенге сеніп, басқа жақты ойламаппыз да. Алдына бармағанымыз да содан.Роза Әлқожа
Zakon.kz редакциясы әншіге хабарласып, осы посттан кейін Өнер академиясынан немесе ректорынан қандай да бір жауап болған-болмағанын сұрады. Роза Әлқожа ешқандай жауап, хабар болмағанын айтты.
Ол жақтан ешкім хабарласқан жоқ. Азамат Сатыбалдығы өзім хабарласқанда алмады. Ал бастапқы іріктеу уақыты бітіп, емтихан басталып кетті, – деп жауап берді Роза Әлқожа.
Сонымен қатар Роза Әлқожа өзінің де, қызының да қазір нақты жоспары жоқ екенін айтты. Т.Жүргенов атындағы өнер академиясынан басқа оқу орнына құжат тапсыруды мүлдем ойламағанын жеткізді.
Әнші шағымданып жазған постында қолдау білдірген Қазақ ССР артисі, Еңбек Ері, Әлем артисі, профессор Айман Мұсаходжаеваға, аңыз адам Асанәлі Әшімовке, ҚЖО төрағасының орынбасары, ақын Бақыт Беделханға, Халықаралық Алаш әдеби сыйлығының иегері Ержан Алаштуғанға, арда азамат Мәди Манатбекке, Президент баспасөз хатшысы Ержан Байтілеске, тағы да басқа жанашырларға алғысын айтқан.
Осы кісілерге Алла риза болсын! Аллаға тапсырдым! Жүрегім жүз тілінсе де, қызыма сағың сынбасын дегім келеді, – деп жазды Роза Әлқожа.
Айта кетейік, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының ректоры Азамат Сатыбалды да сол күні Instagram-дағы парақшасында пост жазып, академияға іріктеу болып жатқанын хабарлады. Оның сөзінше, өнер академиясына таныс-тамырына сеніп, өнерге есеппен қарайтындар емес, таза көңілімен Аллаға сенгендер өтеді.
Өзгеге емес,өзіне сенгендер ғана өтеді. Әке,Көке,Жәкесіне арқа сүйеп, таныс-тамырын ортаға салып, сонымен қоймай бізді түрлі тәсілмен қорқытып, өнерге есеппен қарайтындар емес, тап-таза көңілімен Аллаға сеніп, талантын таразыға салғандар ғана өтеді. Консультацияға келген 1000-нан аса талапкердің 702-сі ғана экзаменге допуск алды. Қойылған барлық талапқа сай болу міндетті. Бір адам емес, білікті мамандардан құрылған комиссия мүшелері дауыс береді. Сырттан арнайы эксперттер шақыртылды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттіктің офицерлері қадағалап отыр, – деп жазды Өнер академиясының директоры Азамат Сатыбалды.