Досаев Алматыны дамытуға қанша қаражат қажет екенін айтты
Қала әкімдігінің хабарлауынша, жиында Алматы қаласын дамыту бағдарламасы таныстырылды.
«Алматы қаласын дамытудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасы және 2030 жылға дейінгі орта мерзімді перспективалар» құжаты 5 айдың ішінде әзірленген.
Онымен 130 сарапшы, әкімдік мамандары мен қоғам өкілдері жұмыс істегені де айтылады.
Біз азаматтардың, депутаттар мен қоғамдық кеңес өкілдерінің 1280 идеясы мен ұсынысын ескердік. Нәтижесінде жүздеген қамқор тұрғындар бағдарламаның авторы атанды. Ерболат Досаев
Әкім «Даму бағдарламасы – заманауи талаптар мен міндеттерге жауап беретін және Алматы тұрғындарына арналған құжат» деп нақтылады.
Біздің алдын ала болжамымыз бойынша, 2030 жылға дейінгі бағдарламаның жалпы сомасы 6,1 триллион теңгені құрайды. Бұл ретте оның басым бөлігі немесе 55 пайызы жеке инвестициялар болады, оның ішінде алдағы үш жылда 1,3 триллион теңгені, ал қалған 2 триллион теңгеден астамын 2030 жылға дейін орта мерзімді перспективада тарту жоспарлануда. Ерболат Досаев
Даму бағдарламасы 7 негізгі мақсатқа негізделген, деді әкім.
«Қолайлы қалалық орта»;
«Тұрақты экономикалық өсу»;
«Басқарылатын урбанизация»;
«Әлеуметтік тұрақтылық және даму»;
«Жасыл Алматы»;
«Ақылды қала»;
«Қауіпсіз қала»
2022 жылдың басында Алматы қаласы мәслихатының XVI сессиясында сөз сөйлеген Ерболат Досаев Алматының бюджеті ұлғайтылатынын айтып, бұл қаржының не үшін жұмсалатынын айтты.
Маусым айында өткен мәслихаттың кезекті сессиясында бюджетке түзетулер енгізу туралы сөз болды. Олар, әкімдіктің хабарлауынша, бірінші кезекте қала тұрғындарының өтініштері мен тілектерін ескере отырып, әлеуметтік басымдықтарды жүзеге асыруға бағытталған.