ОСК Салтанат Тұрсынбекованы Қазақстан президенттігіне кандидат ретінде тіркеді
ҚР ОСК мүшесі Асылбек Смағұлов атап өткендей, Салтанат Тұрсынбекова ұсынған құжаттардың барлығы сайлау заңнамасының талаптарына сәйкес келеді.
Атап айтқанда, кандидат Орталық сайлау комиссиясына кандидаттың мүлкі мен міндеттемелері туралы декларацияны тапсырғаны туралы мемлекеттік кіріс органының анықтамасын, сондай-ақ президенттікке кандидат ретінде тіркелуіне кедергі келтіретін ауруларының жоқтығы туралы анықтаманы табыс етті.
Сенім жүктелген тұлғалар кандидатты қолдап қол жинады.
Аумақтық сайлау комиссияларының хаттамаларына сәйкес, Қазақстан президенттігіне кандидатты қолдауға сенім білдірілген тұлғалар еліміздің 18 өңірінде 119 316 азаматтың қолын жинады. Барлығы тексерілді, оның 118 434-і сенімді деп танылды. Яғни, бұл тіркелген сайлаушылар санының 1%-на тең.Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Асылбек Смағұлов
Салтанат Тұрсынбекова мемлекеттік тілді білу жөніндегі лингвистикалық комиссияның емтиханынан өтті.
Тіркелгеннен кейін Салтанат Тұрсынбековаға Қазақстан президенттігіне кандидаттың куәлігі табыс етілді.
Қазақстан Республикасы президентін кезектен тыс сайлау 2022 жылғы 20 қарашаға белгіленді.