ОСК Мейрам Қажыкенді Президенттікке кандидат ретінде ресми түрде тіркеді
Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың аумақтық сайлау комиссияларының хаттамаларына сәйкес ҚР Президенттігіне кандидат Мейрам Қажыкенді қолдау мақсатында еліміздің 14 өңірінде 122 184 азаматтың қолы жиналды. Оның барлығы тексерілді, соның ішінде кандидатты қолдаған 120 055 қол сенімді деп танылды ҚР ОСК мүшесі Шавкат Өтемісов
Сондай-ақ, ол президенттікке кандидат ретінде Мейрам Қажыкенді тіркеуге арналған барлық құжаттар уақытылы тапсырылғанын, олардың талапқа сай келетінін де айтты.
Жоғарыда айтылғандардың негізінде "ҚР-дағы сайлау туралы" Конституциялық заңның 59-бабының 5-тармағында көзделген құжаттарды ұсыну туралы хаттама әзірленді. Сондай-ақ, 2022 жылғы 20 қарашаға тағайындалған ҚР Президентінің кезектен тыс сайлауында ҚР президенттігіне кандидат ретінде Мейрам Қажыкенді тіркеу туралы ОСК қаулысының жобасы дайындалды. Шавкат Өтемісов
Отырыста атап өтілгендей, сайлау заңнамасының 59-бабының 5-тармағында көзделген барлық құжаттар заңда белгіленген мерзімде алынды. Осылайша, ҚР президенттігіне кандидатты тіркеуге қажетті барлық рәсімдер орындалды.
Одан бөлек, жиын соңында ОСК төрағасы Мейрам Қажыкенге кандидат куәлігін табыс етті.
3 қазанда тіркелмеген Yntymaq партиясының жетекшісі Мейрам Қажыкеннің "Аманат" Қазақстан кәсіподақтар достастығынан Қазақстан президенттігіне кандидат ретінде ұсынылғаны белгілі болды.
4 қазанда ол Орталық сайлау комиссиясына құжаттарын әкеліп өткізді.